Алматы облысында тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қашқан әйел кризистік орталықтан пана тапты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«КҮЙЕУІМ МАС БОЛЫП, ҚОЛ КӨТЕРЕДІ»
ASTANA телеарнасының мәліметінше, Алматы облысының тұрғыны күйеуінен зорлық көргенін айтып, балаларымен бірге кризистік орталыққа жүгінген. Аймақта жыл басынан бері әйелдерге қатысты 130-дан астам зорлық-зомбылық дерегі тіркеліп, сот шешімімен 280-ден астам шектеу шарасы енгізілген. Полиция өкілдері мұндай оқиғалардың саны артып келе жатқанын айтады.
Зардап шеккен әйелдің айтуынша, ол жұбайымен 12 жыл бірге өмір сүріп, төрт бала тәрбиелеп отыр. Алайда соңғы төрт жылда күйеуінің мінезі өзгеріп, алкоголь ішкен сайын агрессивті болып, оған қол көтере бастаған.
«ЖҰМЫС ІСТЕУГЕ ДЕ РҰҚСАТ БЕРМЕДІ»
Қазір осы орталықта бір айға жуық уақыттан бері тұрып жатырмыз. Күйеуім ұйықтап жатқан кезде балаларымды алып қашып шықтым. Ішімдік ішкенде мүлде бақылаудан шығып, ұратын. Денем көгеріп жүрді, тіпті көзілдірік киіп жасыратынмын. Жұмыс істеуге де рұқсат бермеді, орынсыз қызғанатын, – дейді ол.
Әйел ұзақ уақыт бойы отбасын сақтау үшін шыдағанын, алайда жағдай ушыққан соң осындай шешім қабылдауға мәжбүр болғанын жеткізді.
КОНТЕКСТ
Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заң күшейтілгеніне қарамастан, әйеліне жұдырық ала жүгіретіндер мен балаға зорлық-зомбылық көрсететіндер тиісті жазаға тартылмай жатқаны, заңның әлсіз тұстары мен құзырлы органдардың әрекетсіздігі жиі талқыланатын тақырыптардың бірі. Ulysmedia.kz тілшісі белгілі құқық қорғаушыларды сөзге тартып, әйелдер мен балалар құқығының аяқ асты болуына не себеп екенін сұрап білгекн болатын.