Ақтауда бойжеткеннің жұмбақ өліміне қатысты іс қайта тергеледі

Қалижан Бектемір
Фото: Lada.kz

Ақтау қаласында қаза болған Маржан Сұлтанғалиеваның өліміне қатысты қылмыстық іс қайта жанданды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ОҚИҒАНЫҢ МӘН-ЖАЙЫ

Lada.kz-тің жазуынша, қала прокуратурасы Ақтау қалалық Полиция басқармасы тергеушісінің істі тоқтату туралы қаулысын жойып, істі жан-жақты әрі толық тергеу үшін қосымша тапсырмалар берген.

Бұл туралы жәбірленуші тараптың өкілі, Маңғыстау облыстық Заң консультанттары палатасының мүшесі Ажар Картбай мәлімдеді.

Еске салсақ, 1 қаңтар күні Ақтаудағы пәтерлердің бірінен жас қыздың мәйіті табылған еді. Полиция бастапқыда бұл оқиғаны өз-өзіне қол жұмсау дерегі ретінде бағалаған. Алайда марқұмның туыстары бұл нұсқамен келіспей, оның өз еркімен өмірден кетуі мүмкін емес екенін айтып келеді.

МАРҚҰМНЫҢ АНАСЫ НЕ ДЕЙДІ?

Қыздың анасының сөзінше, іс бойынша тергеу әрекеттері, соның ішінде медициналық сараптамалар дер кезінде жүргізілмеген. Сондай-ақ көптеген сұраққа нақты жауап берілмей жатып, іс асығыс жабылған.

Қазіргі таңда прокуратураның шешімінен кейін іс қайта қаралып, барлық мән-жайларды анықтау үшін қосымша тергеу амалдары жүргізілетін болады.

Бұған дейін Қостанай облысында жоғалып кеткен 29 жастағы азаматтың денесі табылғанын хабарлаған едік.