Павлодарда жасөспірімнің аяусыз соққыға жығылуы: кінәлілерді қандай жаза күтіп тұр

Ғалиасқар Думан

Балалардың құқықтарын қорғау комитеті Павлодар қаласында 14 жастағы жасөспірімнің соққыға жығылуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

"Орын алған жағдайға байланысты бүгінде Балалардың құқықтарын қорғау комитеті аталған жағдайды толық бақылауына алды. Қазір зардап шеккен оқушы ауруханада ем алуда. Оған алдағы уақытта жан-жақты көмек көрсетіледі. Тіркелген факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Кінәлілердің барлығы жазаға тартылады. Балалар арасындағы қатыгездіктің алдын алу мақсатында өңірлерге білім беру ұйымдарында тәрбие жұмыстарын күшейтіп, балаларды қосымша біліммен 100% қамту жөнінде шаралар қабылдау тапсырылды", - делінген комитет хабарламасында.

Оқиға 24 шілде күні кешкі сағат 20:30-да Павлодар көшелерінің бірінде болған. Төбелес салдарынан 14 жастағы жасөспірім зардап шегіп, облыстық балалар ауруханасына жеткізілді.

Павлодар облысы полиция департаментінің мәліметінше, төбелеске қатысқандардың барлығы анықталды.

 "Оқиғаның барлық қатысушылары анықталды. Қазіргі уақытта ҚР Қылмыстық кодексінің 107-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр", – деді департаменттен.

Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, жасөспірімнің жағдайы – орташа ауыр. Дәрігерлер оған "жабық бассүйек-ми жарақаты" диагнозын қойды.