Қарағандыда балалардың жаппай улануы: елдегі 84 әлеуметтік мекеме жіті тексеріледі

Ғалиасқар Думан

ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Динара Зәкиева Қарағанды облыстық балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында балалардың жаппай улануына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Қарағанды облыстық балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы

“Қарағанды облыстық балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында балалардың жаппай улануына байланысты қазір Қарағандыдамын. Өкінішке қарай, бір бала қайтыс болды. Оның ата-анасына қайғыра көңіл айтамын. Алты бала ауыр халде жан сақтау бөлімінде, жеті бала облыстық клиникалық ауруханада жатыр. Олардың арасында жетім балалар да бар”, – дейді ол.

Омбудсмен қазіргі таңда бұл оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, комиссия құрылып, улану себептері анықталып жатқанын мәлім етті.

“Балаларға медициналық-әлеуметтік қызметтер көрсететін 84 мекеменің барлығында Бас прокуратура кешенді тексеріс жүргізетін болады. Оның 20-сында жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар тұрады”, – дейді Зәкиева.

Ол өңірлер іс-сапарлары аясында барлық балалар мекемелерін тексеруді жоспарлап отырғанын жеткізді.

“Жалпы, бұл салада қазір біз мемлекеттік органдармен бірге балалаларға арналған мекемелердегі камераларды тікелей ЦОУ мен жауапты органдарға қосу бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Сонымен катар, жұмыс жүргізу керек тағы біраз мәселе бар, солардың ішінде: 1. мамандарды даярлау сапасын, олардың деңгейін назарға алу керек; сондай-ақ олардың жалақысын арттыруды да қарастыру қажет. 2. Балалардың тамақтану нормативтерін қайта қарау және талаптарды қатаңдату қажет. Бейінді министрлікпен бұл бойынша да жұмыс істейтін боламыз”, – деді бала құқықтары жөніндегі уәкіл.

Еске салайық, бұдан бұрын Қарағанды облысының әкімдігі балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында балалардың жаппай улану оқиғасының мән-жайын айтып берген.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, балалардың улануына тамақтың қатысы жоқ.