Талдықорғандық судья мас күйде көлік жүргізген: қызметтік тексеріс басталды

Ғалиасқар Думан

Талдықорғанда судья Әбділла Үмбетайдың мас күйде көлік жүргізу фактісі тексеріледі, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

Бұл туралы адвокат Бауыржан Бибатыров әлеуметтік желідегі парақшасында мәлім етті.

Ол бұған дейін Талдықорғанда автокөлікті мас күйінде басқарғаны үшін судьяның үстінен хаттама толтырылғаны жайлы ақпарат тарағанын еске салды.

"Мен бұл туралы жазба жарияладым, Жоғарғы сотқа, ІІМ мен Антикорға шағым жібердім. Жетісу облысы бойынша сот әкімшілігі департаментінен жауап келді. Өз Жолдауында президент Тоқаев "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасы жайлы айтты. Идея өте жақсы, тек іске асырылып жатқан жоқ. Біз мемлекеттен ешқандай реакция жоқ екенін көреміз. Менің шағымым жоққа шығарылмады, расталған да жоқ. Тексеру нәтижелерін күту керек", - деп жазды Бибатыров.

Адвокат Жетісу облысы бойынша сот әкімшілігі департаментінің жауабын да жария етті.

"Сіздің 2023 жылғы 19 шілдедегі өтінішіңіз бойынша судья А. М. Үмбетайға қатысты Қазақстан Республикасы сот әкімшілігі департаментінің Жетісу облысы бойынша ішкі қауіпсіздік бөлімінің қызметкерлері құрылған комиссиямен бірлесіп қажетті ақпаратты талап ете отырып, қызметтік тексеру жүргізіп жатыр", - депті ведомство.

Айта кетсек, бұдан бұрын Павлодарда жұмыс орнында ішімдік ішкен әкім қызметінен қуылған еді.