Қостанай облысының әкімдігі өңірде сұйытылған газдың тапшылығы туындауына не себеп болғанын түсіндірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Осы жылдың қаңтарынан сәуіріне дейін газ желілері ұйымы 2310 тонна газ сатып алмаған. Оған себеп - зауыттың алыстығына және газ желісі ұйымдарының қаржылық қиындықтарына байланысты төмен рентабельділік. Бұл жағдай резервтегі қалдыққа айтарлықтай ықпал етті, сұйытылған газ жинақталмай беріліп жатыр», - деп түсіндірді әкімдіктің энергетика және тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық басқармасы.
Сондай-ақ, сұйытылған газ тапшылығына цистерналарды теміржол көлігімен ұзақ уақыт жеткізу және жазғы кезеңде, оның ішінде «Қарталы-Рудный» магистральдық газ құбырындағы жөндеу жұмыстарына байланысты тұтынудың артуы ықпал етіп жатыр.
«Жергілікті атқарушы органдар шілдеде 504 көлемінде, тамызға 1000 тонна газ көлемінде қосымша бөліп, шаралар қолданып жатыр», - деп мәлім етті ведомство.
Бұған дейін өңірде АИ-95 бензині талонмен сатылып жатқаны хабарланған болатын.
Облыстағы жанармай құю станциялары операторлары жеткізушілермен 1,3 мың тонна көлемінде АИ-95 маркалы бензинді жөнелтуге келісімшарттар жасасқаны мәлім болды, оның бір бөлігі "Petro Retail"ЖШС-не жіберіледі.
Айта кетейік, порталымызға берген сұхбатында энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев елде жанармай қоры жеткілікті екенін мәлім етті.