Алматыда науқастардың ВИЧ жұқтыруы: елдегі барлық ауруханалар жаппай тексеріледі

Ғалиасқар Думан

Алматы қаласының Орталық қалалық клиникалық ауруханасында үш пациенттің АИТВ инфекциясын жұқтыру фактісі бойынша ішкі істер органдары Қылмыстық кодекстің 118-бабының 3-бөлігі бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: Ulysmedia.kz

“Қазақстанда соңғы 10 жылда медициналық мекеме жағдайында вирусты жұқтыру алғаш рет тіркелді. Сондықтан мұндай фактілердің алдын алу мақсатында Денсаулық сақтау министрлігіне стационарлық, амбулаториялық-емханалық және консультациялық-диагностикалық көмек көрсететін ведомстволық бағынысты медициналық мекемелерде кешенді тексерулер жүргізу туралы талап жіберілді”, – делінген Бас прокуратура хабарламасында.

Бірінші кезеңде 549 медициналық мекемені тексерулермен қамту жоспарланып отыр. 

Еске салайық, бұдан бұрын Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасы қаланың орталық клиникалық ауруханасында емделушілердің АИТВ жұқтырғанын 14 маусымда растаған.

Көп ұзамай осы факті бойынша Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау және Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеттері тексеруді бастағаны хабарланды.

20 маусымда министрлік эпидемиологиялық тергеудің алғашқы нәтижелерін жариялады.

Ал 28 шілдеде науқастардың ауру жұқтыруына орта медициналық қызметкерлер кінәлі екені белгілі болды. Комиссия қорытындылары негізінде қалалық аурухананың бас дәрігері Н.Табынбаев жұмыстан шеттетілді.