Алматы облысында жұмыста мас күйде болған лагерь директоры жауапқа тартылды

Ғалиасқар Думан

Алматы облысында 22 балалар лагерінің 8-і өз қызметін уәкілетті органдардың рұқсатынсыз, санитарлық-эпидемиологиялық және өртке қарсы ережелерді бұзу арқылы жүзеге асырған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

7-su.kz

Бас прокуратура мәліметінше, әрбір екінші балалар мекемесінің ойын және спорт алаңдарында қауіпсіздік талаптары сақталмағаны анықталды.

“Ескі жатын-орындары күрделі жөндеуді қажет етеді. Бұл ретте, 4 балаға арналған бөлмелерде іс жүзінде 8 немесе одан да көп адам орналастырылған”, – делінген хабарламада.

«Бәйтерек» (Қонаев қаласы) лагерінде мемлекеттік сатып алу туралы шарттың талаптарына қайшы, балалардың демалысы мен білім алуы дұрыс ұйымдастырылмаған. Қапшағай су қоймасында балалардың суға түсуі кезінде қауіпсіздігі қамтамасыз етілмеген.

Оның үстіне, аталмыш лагерь директоры жұмыс орнында мас күйінде болған. Ол әкімшілік жауапкершілікке тартылды (ҚР ӘҚБтК 440-бабы).

Ведомство тексеру қорытындылары бойынша балалар лагерлері әкімшілігінің кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамауына байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру (ҚК 140-бабының 2-бөлігі) басталғанын хабарлады.

Еске салайық, бұдан бұрын Алматы маңындағы лагерге жіберілген оқушылардың сауна аумағына орналастырылғаны анықталған еді.

Қала әкімдігі қызмет көрсетуші компанияны сотқа беретінін мәлім етті.

Сондай-ақ, бұған дейін Ақмолада лагерлер аумағынан ішімдік бөтелкелері, темекі бумалары және қару табылғаны хабарланған.