Жамаубаев қаражатты игере алмаған министрліктер мен әкімдіктерді атады

Аян Өрібай

Осы жылдың қаңтары мен қыркүйегі аралығында министрліктер бөлінген 13 млрд теңгені, ал әкімдіктер 4 млрд теңгені игеріп, мақсатты түрде жұмсай алмаған, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

Фото: Ашық дереккөзден

«Министрліктер бойынша 13 млрд теңге игерілмеді. Игерілмеудің неғұрлым ірі сомалары мәдениет және спорт, денсаулық сақтау, әдiлет, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерінде қалыптасты. Игерілмеудің негізгі себептері: төлем нақты көрсетілген қызмет көлемі бойынша жүргізілгенінде, орындалған жұмыс актілерінің, шот-фактуралардың уақтылы ұсынылмауында, қазынашылық органдарына төлем шоттарын кеш ұсынуып, сотта мемлекет мүддесін қорғау жөніндегі талап-арыз жұмыстарын жүргізуде болып отыр», - деді қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев үкіметтің бүгінгі отырысында.

Оның айтуынша, өңірлер де 4 млрд теңгені игере алмаған.

«Ең көп игерілмеу көрсеткіші Түркістан, Ақтөбе, Қызылорда және Жамбыл облыстарында қалыптасты», - деді ол.