Биылғы жылғы қыркүйектің соңындағы көрсеткіш бойынша Ұлттық қордағы қаражат көлемі 55,0 млрд АҚШ долларын құрап отыр, деп хабарлайды ulysmedia.kz.
«Қыркүйекте 392 млрд теңгеге нысаналы және кепілдендірілген трансферттер бөлуді қамтамасыз ету үшін 913 млн АҚШ доллары сатылды. Қыркүйекте Ұлттық қорға түскен түсімдер 135 млрд теңге, оның ішінде шетел валютасында 259 млн АҚШ доллары немесе баламасында 110 млрд теңге болды», - деді ұлттық банк басшысы Ерболат Досаев үкіметтің бүгінгі отырысында.
Оның айтуынша, биылғы қыркүйекте Ұлттық қордың инвестициялық кірісі теріс қалыптасып, активтердің барлық санаттары бойынша түзетуге байланысты көрсеткіш -1,20 млрд АҚШ доллары немесе -2,11% болған.
«Активтердің барлық санаттары бойынша бағалардың бір мезгілде төмендеуі қысқа мерзімді сипатқа ие. 11 қазандағы жағдай бойынша Ұлттық қордың инвестициялық кірісі ішінара қалпына келіп, айдың басынан бастап 250 млн АҚШ долларын құрады. Ұзақ мерзімді перспективада Ұлттық қордың стратегиялық аллокациясы тәуекелдерді теңгереді (...)», - деді ол.