Ұлттық жобаларды таныстырған үкімет алдағы 4 жылда осындай жоспар қойып отыр, деп хабарлайды ulysmedia.kz.
««Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған тұрақты экономикалық өсу» ұлттық жобасы шеңберінде 1000 белсенді экспорттаушының сыртқы нарықтарға шығуы, сондай-ақ 350 жуық экспорттаушыны «Alibaba» және «Amazon» сияқты халықаралық электрондық платформаларға шығару қамтамасыз етіледі. Өңдеу өнеркәсібінің жоғары технологиялық өнімдерін шығару мақсатында 2025 жылға қарай 5 мұнай-газ-химия зауытын пайдалануға беру жоспарлануда», - деді үкіметтің бүгінгі отырысында ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев.
Оның айтуынша, энергетикалық кешенді белсенді жаңғырту арқылы электр энергиясын өндірудің жалпы көлеміндегі жаңартылатын энергия көздерінің үлесі 6% жетеді. Қабылданған шаралар нәтижесінде өңдеу өнеркәсібі өнімдерінің өндірісі 1,5 есе артады.
Шикізаттық емес экспорт 2 есеге ұлғайып, 2025 жылы 41 млрд. долларды құрайды. Шикізаттық емес сектордың негізгі капиталына инвестицияларды 75% арттыру жоспарлануда.