Визасыз режим, сауда және соғыс: Қазақстан мен Солтүстік Македония СІМ басшылары не талқылады

Аян Өрібай

Премьер-министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Қазақстанға ресми сапармен келген Солтүстік Македония Сыртқы істер министрі – Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Іс басындағы төрағасы Буяр Османимен кездесіп, келіссөз жүргізді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: Ulysmedia.kz

Кездесуден кейін БАҚ өкілдері алдына шыққан министрлер «нәтижелі келіссөздер өткіздік» десті. Мұрат Нұртілеу кейінгі жылдары Астана мен Скопьенің саяси диалогы «екпінді әрі болашаққа бағытталғанын үлкен қанағат сезіммен» атап өтті. Айтуынша, саяси байланыстарды жаңа белестерге шығару мақсатында биік және жоғары деңгейлерде сапарлармен алмасу өте маңызды. Бұған Қазақстан мен Солтүстік Македония сыртқы саяси ведомстволары айтарлықтай мол үлес қосып келеді.

«Буяр Османи мырза екеуміз экономикалық серіктестіктің өрісін одан әрі кенейту мемлекеттеріміздің мүддесіне сай екенін мәлімдеп, өзара тығыз жұмысты жалғастыру қажет  екенін топшыладық. Бұл ретте сауда айналымының оң динамикасын құптадық. 2022 жылдың нәтижелері бойынша бұл көрсеткіш 5,5 есе өсті. Салыстырмалы түрде көлемі аз болғанмен, оның болашағы зор. Қазірдің өзінде Қазақстан экспорттық тауарлардың санын өсіріп, саудамызды 350 млн долларға көбейте алады. Іскерлік байланыстардың даму қарқынын сақтау мақсатында Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссияның мүмкіндіктерін белсенді пайдалануға келістік. Әрине, 2020 жылы құрылған бұл механизмнің берері мол», - дейді Қазақстанның сыртқы істер министрі.

Оның айтуынша, «екі елдің теңізге тікелей шығатын жолы болмағандықтан, қос мемлекет үшін сауда маршруттарын дамыту аса маңызды».

«Азаматтарымыз үшін визасыз режим енгізу мүмкіндігі де талқыланды. Біздің ойымызша, мұндай қадам көптеген салалардағы қарым-қатынастардың тұрақты дамуына қажетті негіз қалар еді», - дейді ол.

Министрлер өңірлік және жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылаған Мұрат Нұртілеу “Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы аясындағы серіктестігіміз” орны ерекше деп санайтынын айтты.

«Солтүстік Македонияның халықаралық терроризм мен экстремизмге, есірткі мен қарудың заңсыз айналымына, заңсыз көші-қонға қарсы күрес, сондай-ақ шекара қауіпсіздігі сияқты мәселелерге ерекше назар аударып отырғанын қоштаймыз», - дейді Мұрат Нұртілеу.

Өз кезегінде Буяр Османи ЕҚЫҰ «қазір қиын кезеңді бастан өткеріп жатқанын» айтты.

«Бұл соғыс тоқтауы керек. Соғыс біткеннен кейін біз жақын ынтымақтастық орната аламыз. Орталық Азия мен Қазақстан қауіпсіздік тұрғысынан өте үлкен сын-тегеуріндермен бетпе-бет келді. Ауғанстандағы жағдай әлі де бүкіл Орталық Азия аймағына ықпалын тигізеді», - дейді ол.

Османидің сөзінше Орталық Азия – ЕҚЫҰ-ның басты басымдықтарының бірі.