Қаңтарда оққа ұшқан 4 жасар Айкөркемнің әкесі неге сотқа кіргізілмеді

Ғалиасқар Думан

Алматы гарнизонының әскери соты қаңтарда оққа ұшқан 4 жасар Айкөркем Мелдеханның өліміне әкеп соққан билікті асыра пайдаланды (ҚР ҚК 1-тармағының 451-бабы 2-бөлігі) деген айыппен әскери қызметші А.И.Жұманға қатысты қылмыстық істі қарап жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

әлеуметтік желіден

Бас прокуратураның мәлімдеуінше, сот процесі іс материалдарында жариялауға жатпайтын құпия құжаттардың болуына байланысты жабық режимде өтуде.

“Бүгін қайтыс болған Айкөркемнің әкесі - Айдос Мелдехан БАҚ өкілдеріне мемлекеттік құпияларға рұқсаттың болмауынан сот процесіне жіберілмейтінін айтты. Айдос Мелдеханға мемлекеттік құпияларға рұқсатты рәсімдеу бірнеше рет, оның ішінде а.ж. 19 шілдеде Бас әскери прокуратура басшылығымен жеке қабылдауда ұсынылғанын мәлімдейміз. Алайда ол оны рәсімдеуден және арнайы тексеруден өтуден бас тартты. Бұл туралы қылмыстық іс материалдарында тіркелген өз қолымен жазған арызы куәландырады”, – делінген хабарламада.

Ведомство мемлекеттік құпиялары бар барлық қылмыстық істер бойынша рұқсатты рәсімдеу міндетті талап болып табылатынын атап өтті.

“Бұл ретте, адвокат пен қаза тапқан Айкөркемнің туған ағасы – Мелдеханов Бауыржанға а.ж. сәуір және маусым  айларында мемлекеттік құпияларға, тиісінше қылмыстық істің барлық материалдарына рұқсат берілді. Жәбірленушілердің құқықтарының сақталуын олардың мүдделерін білдіретін кәсіби адвокат қамтамасыз ететінін атап өтеміз.Сонымен қатар, көрінеу жалған мәліметтерді тарату заңнамада белгіленген жауапкершілікке әкеп соқтыратынын түсіндіреміз”, – деп ескертті Бас прокуратура.

Айта кетейік, бұдан бұрын Қаңтарда ҚазҰУ ректорының ұлын атып өлтірген әскери қызметкерге үкім шыққан.

Сондай-ақ, Талдықорғанда қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшқан Сейітқұловтар отбасының өліміне кінәлі деп айыпталған әскери қызметкер сотталды.

Сейітқұловтар отбасы 2022 жылдың 8 қаңтарында қаза тапты. Әскерилер Нұрболат Сейітқұлов, оның жары Алтынай Етаева мен 15 жастағы қызы Нұрай мінген көлікке оқ жаудырған. Үшеуі оқиға орнында көз жұмған. Данияр Егембаев Нұрболат пен қызының өліміне қатысты күдікті деп танылған. Алтынай Етаеваның өліміне байланысты іс жеке өндіріске шығарылған.