Машкевичтің кәсіпорнында жұмыс істейтіндер жалақыны көтеруді талап етті

Ғалиасқар Думан

Қарағанды облысында "Шұбаркөл көмір" акционерлік қоғамының қызметкерлері жалақыны көтеру туралы талаптарын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Демалыс күндері "Шұбаркөл көмір" экскаваторшылар тобы ERG компаниясының басшылығына өз жалақыларын самосвал жүргізушілерінің жалақысымен теңестіру мәселесін қарастыру туралы өтінішпен жүгінді. Сонымен қатар, жұмысшылар тамақтану үшін өтемақы және ақылы демалыстарды есептеу мәселелерін көтерді.

Жұмысшылардың өтінішіне жауап ретінде компания "қызметкерлер арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, оларға түсініктеме бергендерін" мәлімдеді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне ақылы демалыстарды есептеу тетігін қайта қарау туралы ұсыныспен хат жіберілетіні атап өтілді.

Сондай-ақ, кәсіпорын "тұрақты жағдай сақталуда" және өндіріс "әдеттегідей жұмысын жалғастыруда" деп мәлімдеді.

Ал компания қызметкерлері ешкіммен кездеспегендерін, ешқандай жиын өтпегенін алға тартып отыр.

"Шұбаркөл көмір" ашық көмір өндірумен айналысады және Еуразиялық топ (ERG) компаниясының құрамына кіреді. Көмір өндіруден басқа, кәсіпорын мамандандырылған кокс, көмір шайыры және көмір майын өндіреді.

ERG Директорлар кеңесінің төрағасы – олигарх Александр Машкевич. Корпорация интеграцияланған, өндіруші, өңдеуші, энергетикалық және логистикалық кәсіпорындары бар минералды ресурстарды өндіру және өңдеу саласындағы әлемдегі жетекші орындардың бірін алады. Активтердің негізгі бөлігі Қазақстанда орналасқан.

Машкевич – Израиль азаматы. Forbes мәліметтері бойынша, ол осы елдің ең бай бизнесмендерінің тізімінде 3,7 млрд доллар байлығымен алтыншы орында. Ол Қазақстанның 50 ықпалды бизнесмендерінің рейтингінде бесінші орынды иеленді. Оның қолында алюминий, темір рудасы, хром кен орындары, зауыттар, банк және медиа ресурстар бар. Ол Украина мен Ресейде әртүрлі салалармен айналысады.