Астанада жұмыссыздық деңгейі 4,5% шегінде сақталуда. Елордаға жыл сайын 40-50 мың жаңа жұмысшы қажет, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Астана әкімдігіндегі брифинг барысында "Еңбек ұтқырлығы орталығы" КММ директоры Олжас Омардың айтуынша, қалада жұмыссыздық деңгейі көтеріліп жатқан жоқ.
"Астанадағы жұмыссыздық деңгейі 4,5% шамасында. Жылдан жылға ол төмендеп келеді немесе тұрақты деңгейде сақталады, бірақ көтерілмейді. Біз қабылдаған шаралар жұмыссыздық деңгейін ұстап тұруға ықпал етеді. Сонымен қатар, Астанада жыл сайын жаңа өндірістерде 40-тан 50 мыңға дейін жаңа жұмыс орны ашылады", - деді Омар.
Оның айтуынша, орталыққа күн сайын жұмыс берушілерден қызметкерлерді іздеу туралы жүздеген өтініштер келіп түседі, осылайша қалада жұмыссыздық деңгейі тұрақты болып қалады.
Қазір елордада 5500-ден астам бос жұмыс орны бар. Олжас Омар атап өткендей, орталықта тәжірибесі жоқ жас мамандарға 120 мың теңге жалақы төленетін жұмыс ұсынылады.
Еске салайық, елімізде жұмыссыздық деңгейі 4,7% – жұмыссыздар саны 452,6 мың адам екені хабарланған.
Қазақстанда шілдеде жұмыс іздеушілер саны маусым айымен салыстырғанда 38,8 мыңға (+71%) өскен.
Сондай-ақ, бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстандықтардың жан басына шаққандағы шынайы табысы күрт төмендеді.