Kaspi банкте ойран салған басқыншының ісі сотқа жетті

Ғалиасқар Думан

Биыл маусымда елордадағы Kaspi Bank ғимаратына шабуыл жасап, адамдарды кепілген алған қарулы азаматқа қатысты қылмыстық іс сот қарауына берілді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

видеодан кадр

«Іс Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотына келіп түсті. Қаралатын күні әзірге белгісіз», - делінген сот хабарламасында.

Еске салайық, 18 маусымда «Керуен» сауда орталығы маңындағы Kaspi Bank филиалына ер адам басып кіріп, мекеме ішіндегі 7 адамды кепілге алды.

Оқиға орнына полиция мен арнайы жасақ дереу жетіп, жақын маңдағы үйлердің барлық тұрғындары эвакуацияланды. Басқыншы кепілге алынған адамдарды өлтіруге ниетті екенін мәлімдеді.

Полицияның ер адаммен келіссөз жүргізу әрекеті нәтиже бермеген соң арнайы жасақ іске кірісті. Басқыншы ұсталып, Kaspi Bank-те кепілге алынғандар босатылды.

ІІМ басшысы басқыншының қалай ұсталғанын егжей-тегжейлі айтып берген еді.