"Қазақстан" шахтасындағы апат: өрт әлі ауыздықталған жоқ

Ғалиасқар Думан

Қарағандыда "Қазақстан" шахтасындағы өрттің салдарынан болған топтық жазатайым оқиғаны тергеу жөніндегі үкіметтік комиссияның кеңесі өтті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

көрнекі фото

Жиында өрт ошақтарын сөндіру барысы, шатыр бекіткіштерінің ішінара құлағаны және апаттық учаскедегі жоғары температура, өрт ошақтарын тежеу, су перделерін орнату бойынша жұмыстар жүргізілгені айтылды. Сонымен қатар, гипстен бөгеттер салу бойынша жұмыс туралы баяндалды (бір жерде бөгет 95% - ға, ал үш жерде 80% - ға аяқталды).

“Бөгеттерді салу бойынша жұмыстарды 1 қыркүйекке дейін аяқтау жоспарлануда, бірақ бәрі жағдайға байланысты болады. Шахтадағы өрттің себептері мен мән-жайларын тергеу жөніндегі кіші комиссияның есептері тыңдалды. Жазатайым оқиғаны тергеу кезінде туындайтын мәселелер және оларды шешу жолдары талқыланды. Сырым Шәріпханов тартылған сарапшыларды қажетті материалдармен, жобалау-техникалық құжаттамамен қамтамасыз етуді және олардың тиімді жұмыс істеуі үшін жағдай жасауды тапсырды. Барлық комиссия мүшелерінің алдына барлық техникалық және басқа да себептерді объективті анықтау бойынша міндеттер қойылды”, – делінген ТЖМ хабарламасында.

Шахтада өрт ошақтарын сөндіру және авариялық учаскеде гипс бөгеттерін салу жұмыстары жалғасып жатыр.

Еске салайық, 17 тамызда “АрселорМиттал Теміртау” көмір департаментіне қарасты «Қазақстан» шахтасында конвейер лентасы өртенді. Жер астында барлығы 227 жұмысшы болған. 

Бастапқыда апаттан зардап шеккендер саны алты адамға жеткені хабарланған. Кейін зардап шеккендар саны 13-ке жеткені белгілі болды.

Өрт кезінде «Қазақстан» шахтасынан шыға алмай қалған бес кенші де қаза тапты.

Олар:

1. Денис Стешин, 1978 ж.т., жерасты туннельшісі, 4-разряд, еңбек өтілі 21 жыл;
2. Халиков Артур, 1994 ж.т., жер асты электромонтері, 4-разряд, жұмыс өтілі 10 жыл;
3. Виктор Бургун, 1966 ж.т., жерасты электромонтер, 5-разряд, еңбек өтілі 39 жыл;
4. Слюнков Виталий, 1965 ж.т., жерасты электромонтер, 5-разряд, еңбек өтілі 39 жыл;
5. Илья Старовойт, 1996 ж.т., жер асты электромонтері, 3-разряд, жұмыс өтілі 4 жыл.

Шахтинск қаласының полициясы ҚР ҚК 277-бабының 2-бөлігі (Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, апатқа жауапты басшылар 7 жылға дейін сотталуы мүмкін.