"Конституциялық құқықтың шектелуі": депутат мектепте хиджаб киюге тыйым салу жайлы

Ғалиасқар Думан

Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров Қазақстан мектептерінде хиджаб кию мәселесіне қатысты пікір білдірді. Оның пікірінше, кез келген діни шектеулер конституциялық құқықтардың бұзылуына алып келеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: Ulysmedia.kz

Депутаттың айтуынша, өз дінін көрсету – кез келген адамның конституциялық құқығы.

"Маңызды емес – хиджаб па, крест пе, тұмар ма. Бұл - әркімнің конституциялық құқығы. Ал одан әрі мектепішілік реттеу болады. Олар өздері анықтауы керек. Жалпы, бізде Конституцияда өз дінімізді қолдану туралы жазылған жоқ па? Кез келген шектеу – бұл конституциялық құқықтарды шектеу", - деді депутат. 

Депутат әр мектепте форма киюге арналған ішкі ережелер бар екенін атап өтті. Ал қазір мектеп нормативтерін конституциялық құқықтармен үйлестіру маңызды.

"Біз не маңызды екенін түсінуіміз керек. АҚШ-та мектепке қарапайым киіммен де, хиджабпен де бара береді және бұл қалыпты жағдай. Адам мектепке әлденені көрсету үшін бармайды – бұл білім алуға арналған орын", - деп түйіндеді депутат.

Естеріңізге сала кетейік, Айдарбек Қожаназаров наурыз айында өткен парламенттік сайлауда 8,59% жинап, алты мандат алған Respublica партиясының көшбасшысы. Қожаназаровты жұрт Қазақстанның ең бай адамдарының тізімінде 28-ші орынды иеленген бизнесмен Бахаридин Аблазимовпен байланыстырады. Ол олигархтың әртараптандырылған бизнес құрылымдарының бірін басқарады, сонымен қатар ол  “Иволга-Холдинг” Қостанай агроөнеркәсіп кәсіпорнының банкроттығына қатысқаны белгілі.