Қазақстандық журналист Түркияда жол апатынан қаза тапты

Ғалиасқар Думан

Әлеуметтік желілерде Аланьяда жол апаты салдарынан Қазақстанның екі азаматы қаза тапқаны туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

әлеуметтік желіден

Көлік апаты 3 қыркүйекте болғаны хабарланды. Апат салдарынан екі турист және олардың бірінің 2 жасар қызы қайтыс болған.

Қайғылы оқиғаға Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев түсініктеме берді. Қаза тапқан қазақстандық журналист Арайлым Бағытжан екені белгілі болды.

“Антальядан суық хабар келіп жатыр. Белгілі журналист, "Зейін Атырау" ерекше балаларды оңалту орталығының негізін қалаған Арайлым Бағытжан Антальядағы ірі жол апатына түсіп, өмірден өтті. Әріптесімізбен бірге кішкентай сәбиі де о дүниелік болды. Жолдасы қиын жағдайда ауруханада жатыр. Қазіргі уақытта Түркиядағы Қазақстан елшілігімен арада келісімдер жүргізіліп, ауруханада қиын жағдайда жатқан бауырымыздың тиісті ем алуына жағдай жасалуда. Жерлестеріміздің сүйегін елге алдыру бойынша жұмыс жүргізілуде. Марқұмның отбасына қайғырып көңіл айтамын”, – деп жазды ол.

Еске салайық, 30 шілдеде Түркияның Алания курортында қазақстандық туристер мінген шағын автобус апатқа ұшырағаны хабарланған.