Тайландта қазақстандық блогер суға батып кетті

Аян Өрібай

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияровтың айтуынша, 1 қыркүйекте Қазақстанның Тайландтағы елшілігіне Пхукет аралдарында Қазақстан азаматы суға түсіп, батып кетті деген ақпарат түскен, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: Ашық дереккөзден

«Ақпаратты тексеру үшін біздің консул жергілікті полициямен байланысты. Екі күн іздестіру жұмыстары жүргізілді. Үшінші күні бір азаматтың денесі судан шығарылды. Бірақ суда екі күн жатқаннан кейін оны тану, ажырату қиын болып шықты. Арнайы процедуралар арқылы анасы баласы екенін таныды», - деді Айбек Смадияров бүгінгі брифинг барысында.

Оның айтуынша, азаматтың Тайландта жүргеніне бірнеше ай болған.

«18 жастағы бала. Блогер ме!? 15 жасынан бастап шетелде қыдырып жүреді. Өкінішке қарай, осындай жағдай болып қалды. Шешесіне барлық көмек көрсетіледі», - дейді Смадияров.

Баланың анасы да, әкесі де қазір Тайландта. Жақын арада баланың денесі Қазақстанға жеткізіледі.