Назарбаевтың немере інісіне түрмеде VIP-жағдай жасалған ба

Ғалиасқар Думан

Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалды Өскемен колониясында қарапайым жағдайда тұрады. Бұл туралы брифинг барысында "Біз азаптауға қарсымыз" ҚБ басшысының орынбасары Бауыржан Мусин мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: Ulysmedia.kz

Ол Сатыбалды орналасқан колонияға барғанын хабарлады. Бауыржан Мусиннің айтуынша, лагерь өте жинақы, онда тұтқындардың 6 отряды жазасын өтеп жатыр.

"Мен бірінші отрядқа кірдім, онда Қайрат Сатыбалды бар. Оған VIP-жағдай жасалған деген қауесет бар. Мен шын мәнінде солай ма, әлде олай емес пе – білгім келді. Кірдім, көрдім: оған VIP-жағдай жасалмаған. Жазасын басқалар сияқты өтейді", - деді ол.

Бауыржан Мусин өзі болған уақытта Қайрат Сатыбалды ешқандай ережені бұзбағанын атап өтті.

"Оның төсегі жиналған, жиегі қатты тартылады. Неліктен? Шамасы, озі солай қалаған болуы керек. Бұл оның құқығы. Барлық ережелерді орындап, бұзушылықтарға жол бермеуді жөн көрген шығар деп топшыладым. Өйткені өзге сотталғандардан гөрі оны бақылайтындар көп. Оған ешқандай артықшылық қарастырылмаған. Мен одан тікелей сұрадым: "Сіз қазір әдейі істеп отырсыз ба немесе шынымен солай ма?». Жоқ, бұл менің таңдауым деді.  Яғни, ол бәрін заң бойынша қатаң орындайды. Ол өзгелермен бірге жалпы ұйықтау бөлімінде жатыр", - деп қорытындылады Мусин.

Айта кетейік, бұдан бұрын Қайрат Сатыбалдының қамауда отырып Алматыдағы зәулім қонақ үйді сатып алғаны жөнінде ақпарат тараған. Алайда Антикор бұл ақпаратты жоққа шығарды.

Сондай-ақ, Сатыбалды сыбайластарымен сыртқа шығарған 464 млрд теңге елге қайтарылғаны хабарланған.