Ресейдің тағы екі спортшысы Қазақстан атынан өнер көрсетеді

Ғалиасқар Думан

Ресей конькимен жүгірушілер одағының атқару комитеті спортшылар Кристина Силаева мен Елизавета Голубеваның Қазақстан құрамасына ауысуын мақұлдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

time.kz

Әлем чемпионатының алты дүркін қола жүлдегері Елизавета Голубева мен 500 метр қашықтықтағы Ресейдің қазіргі чемпионы Кристина Силаева бұдан былай Қазақстанның намысын қорғайды. Бірақ спортшылар 2025 жылға дейін ұлттық құрама сапында өнер көрсете алмайды. Құраманы ауыстырған жағдайда міндеттелетін карантин 3 шілдеден бастап күшіне енді және 24 айға созылады.

Голубева 5 шілдеде спорттық азаматтығын ауыстыру туралы өтініш берді. Өз шешімін ол "жұмысын шектеусіз жасағысы келетіндігімен" түсіндірді. Голубева алдағы қысқы Олимпиадада Қазақстанның атынан шығатынына үміт білдірді.

17 шілдеде Ресей конькимен жүгірушілер одағына Қазақстаннан Силаеваның ауысуы туралы сұрау түсті. Бұған дейін спортшы Ресей Федерациясының құрамасынан шыққан болатын. Ол азаматтығын өзгерту себебін жарыстарды ұзақ күтуге дайын еместігімен түсіндірді. Оның сөзінше, "спортшының ғұмыры қысқа".

Ресей Федерациясының спорт министрлігі 100-ден астам ресейлік спортшы бұдан былай шетелдік құрамаларда өнер көрсететінін мәлімдеді. Көбінесе шахматшылар мен мәнерлеп сырғанаушылар спорттық азаматтығын өзгерткен. 4 тамызда ресейлік мәнерлеп сырғанаушы Софья Самоделкина азаматтығын ауыстыруға шешім қабылдағаны және Қазақстан атынан да өнер көрсететіні белгілі болды.

Бұған дейін 2022 жылдан бері кемінде он ресейлік спортшының Қазақстан азаматтығын алғаны хабарланған болатын.