Бұл - психологиялық ерекшеліктер: бас әскери прокурор Челахтың жыл сайынғы шағымдары жайлы

Ғалиасқар Думан

Қазақстанның Бас әскери прокуроры Дастан Секенов Владислав Челахтың мемлекеттік органдарға жыл сайын жүгінуіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: Ulysmedia.kz

Сенат кулуарында журналистер одан он жылдан астам уақыттан кейін сотталған шекарашының істі қайта қарау туралы өтінішпен органдарға жүгіну себебін сұрады.

"Челах ісі бойынша үкім 2012 жылы күшіне енді. Оның ісі апелляциялық сотта, Жоғарғы сотта қаралды, бірақ үкім өзгерген жоқ. Оларға жаңа дәлелдер ұсынылған жоқ. Одан жыл сайын өтініштер келіп түседі және біз оларды қарастырамыз. Іс бойынша жаңа дерек ашылмайды. Мұнда мәселе кейбір психологиялық ерекшеліктермен байланысты болуы мүмкін.  Белгіленген тәртіп бар, мезгіл-мезгіл куәландыру жүргізіледі, оның барлық шағымдары органдарға жіберіледі. Сараптама оны психикалық тұрғыдан сау деп тапты, бірақ жеке басының ерекшеліктері бар", - деді Бас әскери прокурор.

Сондай-ақ журналистер Секеновтан көптеген қазақстандықтардың "Арқанкерген" заставасындағы оқиғалардың шынайылығына неге күмән келтіретіні туралы жеке пікірін айтуды сұрады.

"Мен мемлекеттік органның өкілі ретінде және адам ретінде, егер үкім бірнеше рет шағымданғаннан кейін заңды күшіне енсе және қандай да бір жаңа дәлелдер келтірілмесе, демек, солай болды деп есептеймін. Мен бұл процеске қатыстым, ол ашық түрде өтті, барлық қылмыстық іс жүргізу нормалары сақталды. Менде үкімге күмән келтіруге негіз жоқ", - деп қорытындылады Секенов.

Естеріңізге сала кетейік, 2012 жылы "Арқанкерген" шекара заставасындағы қырғыннан кейін өмір бойына бас бостандығынан айырылған бұрынғы шекарашы Владислав Челах қаңтар айының соңында ел президентіне хат жазып, 11 жыл бұрынғы оқиға жайлы айтуға дайын екенін жеткізген. Бірақ әзірге бұл факт бойынша шекара қызметіне сұраныс түспеген.