"Жарық та, қоқыс жәшігі де жоқ": депутат туристік нысандарды қор қылған шенділерге шүйлікті

Ғалиасқар Думан

Сенатор Сұлтан Дүйсембинов өзінің депутаттық сауалында елдегі туризмнің ақсап тұрған тұстарын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

көрнекі фото, ашық дереккөзден

Дүниежүзілік туристік ұйымның мәліметтерін алға тартқан сенатор туризм экономиканың мұнай өндіруден кейінгі екінші рентабельді секторы бола алатынын айтты.Оның пікірінше, Қазақстанда табиғи парктерде экотуризмді дамытуға зор мүмкіндік бар. Алайда тиісті инфрақұрылымның жоқтығы бұған кедергі келтіріп отыр. 

«Жазғы демалыс уақытында Алакөл жағалауындағы демалыс аймақтарында электр энергиясы қуатының жетіспеушілігі байқалады, интернет пен байланыс сапасы сын көтермейді, жағалауларды бекіту жұмыстарын жүргізуге бөлінген қаражат 3 жылдан бері игерілмей келе жатыр. Есік көлінің аумағында жеке гигиена пунктері, қоқыс жәшіктері, көрнекі ақпараттық стендтер мен нұсқаулықтар, телефон байланысы мен интернет секілді қарапайым қажет жағдайлар жасалмаған, демалыс объектілері абаттандырылмаған», - деді депутат.

Сұлтан Дүйсембинов мемлекет тарапынан туризмді нақты дамытуға жағдай жасайтын бағдарлама, тиісті жүйе жоқтығын атап өтті.

«Мемлекеттік органдардағы бюрократия, ұлттық парктер мен туризм саласын реттейтін заңдар арасындағы үйлесімдіктің жоқтығы кедергі болуда, осы саладағы бизнес өкілдері өз бетінше тіршілік жасап жатқандарын байқаймыз. Сондықтан туризмді экономиканың толыққанды драйверіне айналдыруға нақты жағдай жасайтын, еліміздің туристік әлеуетін толық пайдалануға бағытталған жаңа мемлекеттік бағдарлама әзірлеу ұсынылады», - деді сенатор.

Айта кетейік, бұдан бұрын депутат Данияр Қасқарауов Көлсай көлдерінің экологиясы, демалыс орындары маңындағы дәретхана тапшылығы жайлы мәселе көтеріп, вице-премьер Тамара Дүйсеноваға сауал жолдаған.

Спорт және туризм министрлігінің жаңа басшысы Ермек Маржықпаевтан депутат көтерген мәселелер жақын арада шешімін табатынына сендірді.