Алматы әкімдігі Көктөбе мұнарасын жарықтандыруға 1,2 млрд теңге жұмсамақ

Ғалиасқар Думан

Алматы мемлекеттік активтер басқармасы мемлекеттік сатып алу сайтында "Көктөбе" телевизиялық және радиохабар мұнарасын сәулеттік-көркемдік жарықтандыру жұмыстарына тапсырыс беруге арналған лот жариялады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

Басқарма тапсырыс берілген жұмыстарды 1,2 млрд теңгеге бағалаған.

Жобаның сипаттамасында жабдық әртүрлі мемлекеттік мерекелер мен маңызды мәдени оқиғаларға орай мерекелік жарық шоуларын өткізуге мүмкіндік беретіні айтылған.

"Архитектуралық-көркемдік жарықтандырудың ең жаңа жүйесі, Мәскеудегі Останкино телемұнарасының аналогы", - делінген сипаттамада.

Жарықтандыру үш режимде жұмыс істейтіні көрсетілген: түнгі, еркін және мерекелік. Сонымен қатар ол түсін өзгертеді, суреттер мен жарқылдарды көрсетеді.

Байқау талқылау сатысында.

Айта кетейік, бұдан бұрын Алматы мектептерінің бірі "эстетикалық безендіруге" 28 млн теңге жұмсағалы отырғаны хабарланған.