Оралдағы кардиологиялық орталық 2,7 млн теңге айыппұл арқалады

Айнель Аянова

«Батыс Қазақстан облысы Денсаулық сақтау басқармасының облыстық кардиологиялық орталығы» КМК қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

көрнекі фото

Техникалық реттеу және метрология комитетінің мәліметінше, кәсіпорын тексеруден өтпеген медициналық жабдықтарды: электролиттік анализаторды, психрометриялық ВИТ-2 гигрометрін, дефибриляторларды, автоматты гематологиялық анализаторларды, қарқынды терапияға арналған өкпені жасанды желдету аппараттарын қолдануға рұқсат берген.

Айта кету керек, мұндай сенімді емес медициналық өлшеу құралдарын қолдану – аурулардың дұрыс емес диагнозына және медициналық қызметтердің сапасыз көрсетілуіне әкелуі мүмкін.

Әкімшілік хаттаманы жасауға ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінен келіп түскен материалдар негіз болған.

"Қысқартылған іс жүргізу құқығын пайдалану, бұзушылық фактісін тану, 50% мөлшерінде айыппұл төлеуге келісу және шағымдану ниетінің болмауына байланысты мекеме жеті тәулік ішінде 2,7 млн теңгеден астам сомаға әкімшілік айыппұл төледі", - делінген комитет хабарламасында.