Астанада бүлдіршінді азаптап өлтірген бала күтушісіне үкім шықты

Ғалиасқар Думан

Елордада бүлдіршінді қинап өлтірген бала күтуші мен оның көңілдесіне сот үкімі шықты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

Қалалық прокуратура өкілдері хабарлауынша, кінәлі адамдар балаға қарсы қатыгез қылмыс жасағаны үшін жазаланды.

"2022 жылы бала күтуші мен бірге тұратын көңілдес адамы жас баланы физикалық зорлық-зомбылыққа ұшырату салдарынан оның өліміне әкеп соқты", – делінген ведомство хабарламасында.

Қала прокуратурасының үйлестіруімен жедел-тергеу тобы құрылды. Жедел және объективті тергеп-тексеру қамтамасыз етілді.

"Сотта мемлекеттік айыптаушымен аталған адамдардың кінәсі туралы бұлтартпас дәлелдер келтірілді, олар 17 және 23 жылға сотталды", – делінген хабарламада.

Үкім заңды күшіне енді.

Еске салайық, халыққа жолдауында Тоқаев кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны күшейтуді тапсырған.