Олимпадада Үндістан туын ұстап шыққан спортшы адам ұрлап, оны соққыға жығып өлтірген. Лондон Олимпиадасында дәл осы балуан қазақстандық спортшы Ақжүрек Таңатаровтың құлағын тістеп алған болатын, деп хабарлайды ulysmedia.kz.
Олимпиада ойындарының екі дүркін жүлдегері, балуан Сушил Кумар адам ұрлап, оны ұрып-соғып өлтірген. Одан кейін бір ай бойы полициядан жасырынған. Және де, бұл адам 2012 жылғы Олимпиадада өз елінің туын ұстап шыққан, дейді championat.com.
Кумар – 2008 жылы Бейжіңде өткен Олимпиаданың 66 келіге дейінгі салмақ дәрежесі бойынша еркін күрестен қола жүлдегері. Ал 2012 жылы Лондонда өткен Олимпиада ойындарында ол күміс жүлде алып, Үндістан құрамасының ту ұстаушысы болған.
Биыл Үндістандағы стадиондардың бірінде балуандардың арасында төбелес болған. Соның салдарынан жастар арасындағы күрестен чемпион, 23 жастағы Сагар Дханкар қаза тапты. Мәліметке сай, ол қатты затпен жасалған соққыдан бас сүйек-ми жарақатын алып, көз жұмған.
Болжамдардың бірі бойынша, балуандар арасындағы түсініспеушілік Кумардың әйелінің пәтері үшін туындаған. Бұл пәтерді жас Сагар Дханкар жалдап тұрған. Сагар бұл пәтерге беделі жаман адамдарды тұрақты түрде шақырып тұрған. Ал бұл 38 жастағы танымал спортшыға ұнамаған.
Кумар өз достарымен бірге Сагар мен оның досын ұрлап кеткен. Содан кейін оларды Делидегі стадиондардың бірінің аумағына әкеліп, жарты сағат бойы ұрып-соққан. Кумардың достары полиция келетінін түсінген соң Сагарды стадионның жертөлесінде тастап, қашып кеткен. Жас спортшы ауруханаға жеткізілген, бірақ ол сол жерде алған жарақаттарынан қаза болған.
Осы оқиғадан кейін Сушил Кумар бір ай бойы қашып жүрген, ал Дели полициясы спортшы туралы кез келген ақпарат үшін 100 000 үнді рупиясы ($ 1,4 мың) көлемінде марапат тағайындаған.
Бұл сыйақыны біреудің алатыны не алмайтыны жайлы белгісіз, бірақ Кумар ұсталды. Және жақында сот оның кепілмен босату туралы өтінішін қабылдамады. Бұл оның осыған ұқсас бірінші оқиғасы емес екенін ескерсек (2018 жылы Үндістанда тағы бір төбелеске қатысқан), ол ұзақ мерзімге сотталуы мүмкін.
Сушил Кумар 2012 жылғы Лондон Олимпиадасында қазақстандық Ақжүрек Таңатаровты ұтқан болатын. Жартылай финалдық кездесуде үнді балуаны Таңатаровтың құлағын тістеп алды. Десе де, төрешілер Кумарды бұл қылығы үшін жазалаған жоқ. Үндістан өкілі финалға жолдама алып, Ақжүрек Таңатаров Олимпиаданың қола жүлдесін қанағат тұтқан болатын.