Сыбайлас жемқорлық монументі: LRT тіреуінің бірі қисайып қалды

Ulysmedia

Астанада LRT тіреуі қисайып қалды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ulysmedia

Қисайған тіреудің видеосы әлеуметтік желілерде пайда болды.

Оқиғаға қатысты «Қалалық көлік жүйелері» АҚ баспасөз қызметі жауап берді.

"Жан-жақты тексерулерден кейін бір тіректің жобаға сәйкес келмейтіні анықталды. Сол себепті мердігер аталған тіреуді бұзып тастайды. Содан кейін тіреуіш қайта салынады. Шығындарды бас мердігер өтейді", – делінген онда.

LRT құрылысы жобасының жалпы құны 1 миллиард 880 миллион долларды құрайды.

Бұған дейін Астанада LRT ісі бойынша сотталушылардың үкімі өзгеріссіз қалғаны хабарланған болатын.

Елордада жеңіл рельсті жобаны жүзеге асыру 2011 жылы басталғанымен, оның жыры жылдарға ұласты. Елордада қала әкімдері ауысты – олардың кейбіреулері жобаны қабылдамады. Соған қарамастан “жемқорлықтың ескерткіші” деген лақап атқа ие болған LRT-ге ақша бөлінді.

Бұған дейін Astana LRT ісі бойынша айыпталғандар жобаның басқа кураторларын сотқа шақыруды талап еткен. Айыпталушылар судьяға жобаның үкімет бақылауында болғанын жеткізді.

“Иманғали Тасмағамбетов, Серік Ахметов, Ерболат Досаев, Бақытжан Сағынтаев, Әсет Исекешев, Асқар Жұмағалиев, Болат Жәмішев және Әділбек Жақсыбеков сотқа шақырылсын – тек олар ақшаның қайда кеткенін түсіндіре алды”, – дейді іс бойынша сотталғандар.