Құлыбаев Қазақстанның жанармай қорын бөлуге араласа ала ма?

Ғалиасқар Думан

Қазан айында Қазақстанда АИ-95 маркалы отын тапшылығы болуы мүмкін, өйткені Атырау мұнай өңдеу зауытында жоспарлы жөндеу басталады. Энергетика министрлігі "байларға арналған бензиннің" жетіспейтін көлемін Ресейден сатып алуға ниетті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: Ulysmedia.kz

Энергетика министрлігінде өткен брифинг барысында Қазақстанның энергетика вице-министрі Ерлан Ақкенженовтен қазақстандық отын қорларының ішкі бөлінуі қалай жүріп жатқаны және бұл процеске экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеубаласы Тимур Құлыбаевтың қатысы бар-жоғы туралы сұралды.

Вице-министр бейінді ведомство ішкі нарықты отынмен қамтамасыз етуге баса назар аударатынын атап өтті, өйткені, бұл - елдің энергетикалық қауіпсіздігі мәселесі.

"Бірінші кезекте мұнай ішкі нарыққа бөлінеді. Қалдық қағидат бойынша мұнай экспортқа жіберіледі. Біз ішкі нарыққа жеткізу экономикасы экспортқа жеткізу сияқты жоғары емес екенін және мұнай өндіруші ұйымдар экспортқа ұмтылатынын жақсы түсінеміз. Жоғарыда аталған тұлғамен (Тимур Құлыбаевпен – авт.) байланысты адамдардың немесе компаниялардың шешімдерін қазіргі уақытта көріп отырған жоқпын", – деді вице-министр.

Энергетика министрлігі ішкі отын қорларын пайда табу мақсатында шетелге әкететін нарықтың жосықсыз қатысушыларын атай ала ма деген сұрақ қойылғанда Ерлан Ақкенженов бұл құқық қорғау органдарының жұмысы екенін атап өтті.

Бұған дейін энергетика министрлігі Қазақстанда арзан қазақстандық жанар-жағармайды көрші елдерге әкету салдарынан елде отын тапшылығы туындайтынын хабарлаған болатын.