Ақмолада электр бағанынан құлаған жұмысшы қаза тапты: қылмыстық іс қозғалды

Ғалиасқар Думан

Ақмола облысының Степногор қаласына қарасты Заводская кентінде электр бағанында жөндеу жұмыстары кезінде 35 жастағы жұмысшы қаза тапты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

көрнекі фото

Ақмола облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, қайғылы жағдайға байланысты қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Ақпаратқа сүйенсек, жұмысшы жергілікті кәсіпорында электр бағанында жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқанда бетон бағанмен бірге жерге құлап, мерт болған.

"Осы дерекке байланысты Қылмыстық кодекстің 156 бабының 3-бөлігі «Еңбекті қорғау ережелерін бұзу» бойынша сотқа дейінгі іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Сот-медициналық сараптамасы тағайындалды. Сонымен бірге мемлекеттік еңбек инспекторы оқиғаның мән-жайын анықтауда", - деп мәлім етті полицейлер.

Айта кетейік, биылғы жылдың 7 айында елімізде өндірістегі жазатайым оқиғалардан 640 жұмыскер зардап шегіп, оның 69-ы қаза тапты.