Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Астанада IT-форум өткізуге бюджеттің 200 миллион теңгесін жұмсауды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Әңгіме қазан айында өтетін Digital Bridge форумы туралы. Брифингте цифрлық даму министрлігінің IT-саланы дамыту департаментінің директоры Ерсұлтан Ержанов біздің тілшімізге өткен жылы іс-шараның ресми бөлігіне бюджеттен 160 миллион теңге бөлінгенін, бұл жолы сома 200 миллионға дейін өсуі мүмкін екенін айтты.
- Іс-шара мемлекет басшысының қатысуымен өткізіліп, пленарлық сессияларға халықаралық сарапшылар шақырылғандықтан, мемлекеттік бюджет қаражаты жұмсалды, - деп түсіндірді шенеунік.
Бүкіл Қазақстан бойынша интернет сапасы ақсап тұрғанда, тіпті Астананың өзінде ғаламдық желіге қосылу мұң болып тұрғанда мұндай форумдарды өткізу қаншалықты орынды екенін сұрағанда, департамент басшысы 200 миллион теңге салыстырмалы түрде аз ақша екенін айтты.
– 200 миллион теңге – бұл инфрақұрылымды құру үшін қомақты сома емес, бірақ IT-сала үлкен өсім көрсетіп отыр. Бұл біздің елімізге келетін қаражат, одан әрі инфрақұрылымды дамытуға бағытталуы мүмкін, - деді спикер.
Ол бюджет әлі бекітілмегенін, бірақ жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты. Жоспарлар бойынша ресми бөлімді өткізуге шамамен 200 миллион теңге жұмсалмақ, ал қалған шаралар, Ержанов уәде еткендей, серіктестер мен демеушілер қаржысына ұйымдастырылады.
Елімізде интернет сапасына қатысты сын көп. Шалғай ауылдарды айтпағанда Астананың өзінде интернет жылдамдығы көңіл көншітпейді дейді жергілікті тұрғындар. Ал шілдеде министр Мусин интернет жылдамдығы жағынан Астана Токионы басып озғанын мәлімдеген.
«Сіздер де Speedtest халықаралық рейтингіне сүйенсеңіздерші. Егер осы халықаралық рейтинг Астананың 35 позицияға көтерілгенін жазса, демек, біз 35 қаланы озып кеттік. Тіпті Токионы басып оздық. Сол рейтингті жасаған мен емес қой!?» - деген еді ведомство басшысы.
Жуырда қазақстандықтар Мусиннің отставкаға кетуін талап еткен петицияға қол қоя бастады.
"Көптеген қазақстандықтар Бағдат Мусиннің отставкаға кетуі туралы петицияны қолдайды деп санаймын, өйткені ол интернет-қызметтердің бағасын ұстап тұра алмайды, керісінше оларды көтеріп жатыр", – деді петиция авторы.