«Өзіміз ғой Арай»: Қарағандыда бұрын сотталған әйел желіде қаржы пирамидасын құрған

Ғалиасқар Думан

Қарағанды облысының тұрғыны қаржы пирамидасын құрды және басқарды деген күдікпен тергеліп жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, күдікті бұрын қаржы пирамидасы арқылы халықтан ақша жинағаны үшін сотталған, ол жеке тұлғалардан 50%-дан 300%-ға дейінгі мөлшердегі төлемдерді уәде ете отырып, 1 күннен 3 күнге дейінгі мерзімге 50 мыңнан 300 мың теңгеге дейін көлемінде қаражат тарту арқылы WhatsApp және Telegram мессенджерлерінде чат құрған. Ақша банктік қосымша арқылы аударылған.

Күдікті ұсталып, оған қатысты 2 ай мерзімге қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

“Алдын-ала тергеулер «Өзіміз ғой Арай» чатында 100-ден астам қатысушыны анықтады, қазіргі уақытта «Люкс чат», «Чек чат Люкс 100%», «Вклад чат 50%» деп аталатын чаттардың салымшыларын анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізілуде. ҚР ҚПК 201-бабына сәйкес өзге де мәліметтер жария етілуге жатпайды”, – делінген хабарламада.

Айта кетейік, Таразда The Finiko» қаржы (инвестициялық) пирамидасының бөлімшесін құру және оны басқару фактісі тергеліп жатыр.