Алматы облысы Қарасай ауданындағы ауыл мектептерінің бірінде бастауыш сынып оқушыларына жарамдылық мерзімі 2 жыл бұрын өтіп кеткен йогурт берілген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Балаларға қатысты кезекті жаға ұстатар жаңалық Қазнетте тез тарады. Әлеуметтік желідегі ақпаратқа сүйенсек, балаларға тегін ыстық тамақтан бөлек, 2021 жылы жарамдылық мерзімі өтіп кеткен "Растишка" йогурты берілген.
"Мен қатты шошып кеттім, бүгін балам мектепте жарамдылығы өткен йогурт жеген. Қалғанын үйге әкелді. Балаларға мерзімі өтіп кеткен тамақты қалай беруге болады, бала уланса, кім жауап береді", "Бұл өнімді кім сатып алды? Жарамсыз тамақ бергенше, мүлдем тамақтандырмаған дұрыс", – дейді ата-аналар.
Мектеп басшылығы өнім жеткізушіні өзгерту және келісімшартты бұзу туралы шешім қабылданғанын, іс сотқа жіберілетінін хабарлады. Жеткізушінің өзі көтерме базардан өнім алған кезде жарамдылығы өтіп кеткен өнімдерді байқамай қалғанын айтып ақталды.
Қарасай ауданының білім бөліміндегілер де оқушыларға мерзімі өткен өнімді беру фактісін растады.
- Ақпаратты растау үшін шұғыл жұмыс тобы құрылып, орта мектептің асханасын тексеруге жіберілді. Тексеру нәтижелері бойынша тамақтану сапасына мониторинг актісі жасалды. Тәртіптік жаза жарияланды, кәсіпкерге хабарлама жіберілді, асхана бақылауға алынды, - деді ведомстводан.
Іске полиция да араласты. Алматы облысы ПД бастығы Бауыржан Әленовтың айтуынша, ҚР ҚК 306-бабының 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Еске салайық, 30 шілдеде Қарағанды облысының балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында балалар жаппай уланғаны хабарланған. Уланған балалардың бірі бірден қайтыс болды.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, балалардың улануына тамақтың қатысы жоқ.
Балалар құқықтары жөніндегі уәкіл осы оқиғадан кейін елдегі 84 әлеуметтік мекеменің барлығы жіті тексерілетінін мәлім етті.
28 тамызда уланған балалардың тағы бірі көз жұмды.
Бір қызығы, оқиғадан бері екі айдан астам уақыт өтсе де министрлік Қарағандыда балалардың жаппай улану себебін әлі атай алмай отыр.