Доллармен жинап, теңгемен төлейміз: Сүлейменов "Ұлттық қор - балаларға" жобасы жайлы

Ғалиасқар Думан

Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы Тимур Сүлейменов "Ұлттық қор - балаларға" жобасының іске асырылуы туралы айтып берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: Ulysmedia.kz

Оның айтуынша, бейінді мемлекеттік органдар балалардың жеке шоттарына қаражат аударуға 100% дайын.

"2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап біз зейнетақы аударымдары ретінде аударамыз. Кірістер әр баланың жеке шотына түседі. Ол 18 жасқа толғаннан кейін бұл ақша оған төленеді. Есеп доллармен жүргізіледі, біз балалардың жинақтарын 18 жыл ішінде ықтимал құнсызданудан сақтағымыз келеді. Ол 18 жасқа толғаннан кейін қаражатты теңгемен алады", - деді Сүлейменов.

Ол сондай-ақ есептеулер өзгермегенін және 18 жыл ішінде әрбір қазақстандық балаға шамамен 3500 доллар есептелетінін атап өтті. Бағдарламаның операторы – БЖЗҚ.

Естеріңізге сала кетейік, қыркүйек айында депутаттар еліміздің Ұлттық қорынан балаларға төлемдер туралы заң қабылдады. Құжатқа сәйкес, Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50% -ын балалардың 18 жасқа толғанға дейінгі арнайы жинақтау шоттарына аудару көзделген.