Семейде мұғалімдерді сабақ берудің орнына көше сыпыруға жіберді

Ulysmedia

16 қазан күні Семейдегі мектепте сабақтарды тоқтатып, мұғалімдерді сенбілікке шығарған. Қала тұрғыны мұғалімдердің көше сыпырып жүргенін суретке түсіріп, жергілікті басылымға жіберген, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

Фото: Arnapress.kz

Arnapress.kz-нің мәліметінше, 16 қазан күні баласының сабағы болмағынан айтқан ата-аналардың бірі мұғалімдердің көше сыпырып жүрген сәтін суретке түсіріп алған.  

«Бүгін баламның сабағы болған жоқ, өйткені мұғалімдерді сенбілікке жіберіпті. Жұмысқа бара жатқан кезімде мұғалімдердің Шәкәрім даңғылын сыпырып жүргендерін көрдім. Оларды қандай негізде сабақты тоқтатып, көше сыпыруға жіберді? Бізде коммуникациялық қызмет не үшін бар сонда? Мұғалімдерге көше сыпырту – шектен шыққандық. Әркім өзі ісімен айналысуы керек. Былтыр да пандемия салдарынан оқушылар қалай болса солай оқыған. Қазір мұғалімдер көше сыпырудың орнына, оқушылармен бірге өтпеген сабақтарды қайталауы керек», - деп жазды Семей тұрғыны.

Семей қаласының білім бөлімінің бастығы Наталья Фесенко сенбілікке қатысты оның бөлімі ешқандай бұйрық бермегенін айтты.

Arnapress редакциясы 16 қазанда еріктілер сенбілігін ұйымдастыру туралы бұйрық жарияланғанын анықтады. Бұйрыққа Семей қаласы әкімінің орынбасары Димитрий Гариков қол қойған. Құжатқа сәйкес, бөлім басшыларына меншік нысанына қарамастан барлық мекемелер мен кәсіпорындар үшін сенбілік ұйымдастыру тапсырылған.

Еске сала кетсек, «Педагог мәртебесі туралы» Заңға сәйкес, мұғалімдерге «кәсіби міндеттерге жатпайтын жұмыс түрлерімен айналысуға» тыйым салынған.