"Тарақандар өрмелеп жүреді": үкімет елде вагондардың тең жартысы тозғанын мойындады

Ғалиасқар Думан

Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай теміржол саласындағы жүгенсіздікті сынға алды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

Мәжілісменнің айтуынша, бұрынғы басшылар 30 жылда теміржолды тек табыс көзіне ғана айналдырған.

«Ескі Қазақстанның өкілдері осы саланың сөлін сорып, бізге тек қаңқасын ғана қалдырды. Бұл салада сапа мүлдем төмен. Ескі вагондар сүйретіліп әлі жүр, теміржол паркінің 60 пайызы тозған. Терезесі ашылмайтын, кондиционері қосылмайтын, қабырғасында тарақандар өрмелеп жүретін ескі вагондардың өзіне жаз кезінде билет таппайсың. Сөйте тұра, билетті субсидиялауға жыл сайын миллиардтарды санап береміз. Пойыздың жиі кешігуі - бөлек мәселе», - деді ол.

Мақсат Толықбайдың сынына Көлік министрі Марат Қарабаев жауап берді. Оның дерегінше, Қазақстанда 2 567 вагон бар. Олардың тозу деңгейі – 49 пайыз.

«Биыл 50 жаңа вагон алдық. Қол қойылған келісімшарт аясында келер жылы тағы 100 вагон болады. Қосымша 157 вагон алу келісімін пысықтап жатырмыз. Сонда, биыл және алдағы жылда 300-ден астам жаңа вагон қосылады», - деді министр.

Қарабаев 2025 жылдан бастап Еуропадағы ең заманауи Stadler компаниясының жалпы саны 537 вагонын алу жоспарланып отырғанын жеткізді.

«Бұл тұрғыда 2 567 вагонның үстіне 804-тен астам жаңа вагон алу мәселесі шешіліп жатыр», - деді ол.

Айта кетейік, халыққа жолдауында президент «Қазақстан темір жолын» толыққанды көлік-логистика компаниясы етіп қайта құру жұмысын жуық арада аяқтауды тапсырған.