Қазақстанда Активтерді қайтару жөніндегі комитет құрылды

Ғалиасқар Думан

ҚР Бас прокуратурасының Активтерді қайтару жөніндегі комитеті құрылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: Ulysmedia.kz

Ведомство мәліметінше, жаңа комитет «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі-Заң) сәйкес активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті орган болып табылады.

“Комитеттің міндеттері активтерді іздеу және қайтару, осы саладағы халықаралық-құқықтық ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануына және активтерді заңсыз шығаруға ықпал еткен себептер мен жағдайларды анықтау және жою болып айқындалды. Сонымен бірге Комитет елдің премьер-министрі басқаратын Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару мәселелері жөніндегі комиссияның жұмыс органы болып табылады”, – делінген Бас прокуратура хабарламасында.

Комитеттің функцияларына активтер туралы ақпаратты мониторингілеу және талдау, активтердің шығу көздерінің заңдылығын тексеру, комиссияның шешімі бойынша арнайы тізілімге енгізілген адамдардан активтерді ашып көрсету туралы декларацияларды қабылдау және қарау кіреді.

Ведомство, сондай-ақ шет мемлекеттерге заңсыз шығарылған активтерді тыйым салу, қамтамасыз ету шараларын қабылдау және тәркілеу туралы сұрау салулар жіберуге; заңсыз иемденілген активтерді мемлекет кірісіне айналдыру туралы қазақстандық және шетелдік соттарға талап қоюға, сотқа дейінгі тергеп-тексерулерге бастамашылық жасауға және дербес жүргізуге; активтерді ерікті түрде қайтару туралы келісімдер (бітімгершілік, процестік және өзге де келісімдер) жасасуға уәкілетті.

Комитет активтерді қайтару мәселелері бойынша Қазақстанның шетелдегі мүдделерін білдіретін, халықаралық тәжірибені зерделейтін, атқарылған жұмыс туралы ақпаратты жыл сайын жариялайтын, сондай-ақ заңсыз шығарылған активтерді елге қайтару мақсатында өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыратын болады.

Айта кетейік, бұдан бұрын Қазақстанда қайтарылған активтерді басқаратын компания құрылды.

Қаржылық мониторинг агенттігінің есебінше, жыл басынан бері мемлекетке жалпы сомасы 217 миллиард теңге болатын активтер қайтарылды