Алматы облысында шенеуніктер жалпы құны 20 миллион теңгеге жуық техниканы жоғары бағамен сатып алмақшы болған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бюджет қаражатын негізсіз жұмсаудың жолын өңірдің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі кесті.
Алматы облысының Цифрлық технологиялар басқармасы бір данасы үшін 497 265 теңге бағасымен 32 компьютер, бір данасы үшін 514 880 теңге бағасымен 3 ноутбук және бір данасы үшін 598 214 теңге бағасымен 4 моноблок сатып алуға конкурс жариялады.
“Бұл ретте аталған тауарлардың орташа құнының мониторингі барысында бағалар тиісінше 102,78%, 77,54% және 60%-ға жоғары болғаны анықталды. Антикордың араласуынан кейін жоғарыда аталған мемлекеттік сатып алулар тоқтатылды және конкурс қайтадан өткізіледі”, – делінген хабарламада.
Айта кетейік, бұдан бұрын Алматы облысының ішкі саясат басқармасының қызметкерлері 3,5 мың теңгенің сыйлық жиынтығын 18,4 млн теңгеге сатып алмақ болған еді.