Қайрат Боранбаев мемлекетке құны 1,4 млрд теңгеден асатын қонақүйді тапсырды

Ғалиасқар Думан

Сотталған кәсіпкер Қайрат Боранбаев Comfort Hotel Astana қонақүйін тапсырды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: ulysmedia.kz.

Қаржылық мониторинг агенттігінің хабарлауынша, тергеумен ерікті ынтымақтастық аясында Қайрат Боранбаевтың мүлкін мемлекетке қайтару шараларын қабылданып жатыр.

«Боранбаевтың компаниялары Мемлекеттік мүлік комитетіне жалпы құны 1,4 млрд теңгеден асатын «Comfort Hotel Astana» қонақүй кешенін мемлекет меншігіне өз еркімен беру үшін тиісті өтінімдер берді. Аумағы 5 мың шаршы метрден асатын бұл қонақүй кешенінің жылдық айналымы 900 млн теңгеге жуық», - делінген хабарламада.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес бұл нысанды демалыс, сауықтыру және білім беру орталықтарын ұйымдастырумен әлеуметтік мақсатта пайдалану жоспарланып отыр.

Еске салайық, жуырда белгілі кәсіпкер Қайрат Боранбаев ісі бойынша апелляциялық сот үкімі шықты. Сот кәсіпкердің жазасын жеңілдетті. Ол 6 жылға бас бостандығынан айырылды.

Бұған дейін Боранбаевтан мемлекет кірісіне:

Алматыдағы әл-Фараби даңғылындағы коммерциялық үй-жай және  686 млн теңгенің жер учаскесі;

банк шотындағы 1 млрд 270 млн 190 мың теңге мөлшеріндегі ақшалай қаражат;

Халық банкіндегі түрлі шоттардағы 5 млн 685 мың 727 доллар, 1 млн 170 мың 329 доллар, 755 млн 859 мың 601 теңге, 193 млн 170 мың 137 теңге мөлшеріндегі ақшалай қаражат тәркіленді.