Ғылым министрлігінің ЖОО-ларға ескерту хаты цензураның көрінісі емес пе – Балаева жауап берді

Ғалиасқар Думан

Жуырда Ғылым және жоғары білім министрлігі бүкіл университеттерге хат жолдап, ғалымдарға, профессорларға БАҚ-қа сұхбат бермеу, ведомствоның келісімінсіз ашаршылық, қуғын-сүргін жайлы пікір білдірмеуді ескерткені туралы ақпарат тарады. Ақпарат министрлігі мұны цензураның көрінісі деп есептей ме? Бұл сұраққа министр Аида Балаева жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: Ulysmedia.kz

 – Біз басқа мекеменің құжатына баға беріп, дұрыс немесе бұрыс деп айта алмаймыз. Ол бекітілмеген ішкі құжат болуы мүмкін, сондықтан бұл туралы нақты жауап бере алмаймын, – деді министр.

Балаева елімізде қазір сөз бостандығына шектеу жоқ деп есептейді.

  – Қазір жабық тақырып жоқ. Бәрі айтатын мәселелерді ашық айтып жүр. Ешкім шектеу қойып жатқан жоқ. Ақпарат министрлігі тарапынан ақпарат құралдарына қоңырау соғып, қандай да бір мәселені жарияламаңыз деген нұсқау болған жоқ, болмайды да. Біз сіздермен тізе қосып жұмыс істейміз, жұмыстарыңыздың нәтижелі болуына ықпал жасаймыз, – деді ведомство басшысы.

Айта кетейік, бұдан бұрын Мәдениет және ақпарат министрі дін туралы жаңа заңда қоғамдық орындарда діни киім киюге тыйым салу мәселесі қаралатынын мәлімдеген.