"Росатомға" санкция салынуы мүмкін: Қазақстанның ядролық отынына сұраныс өсе ме

Ғалиасқар Думан

ЕО-да ресейлік алюминийді, ядролық отынды экспорттауға, сондай-ақ "Арктика СТГ 2" жобасына және "Росатом" компаниясына қарсы санкциялар енгізу ұсынылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: Ulysmedia.kz

Еуропарламенттің Ресей бойынша тұрақты баяндамашысы Андрюс Кубилюстің айтуынша, Ресей Федерациясына қатысты келесі шектеу шаралары "Росатом" мемлекеттік концерніне, сондай-ақ "Арктик СТГ 2" сұйытылған табиғи газды өндіру, сақтау және жөнелту үшін зауыт салу жобасына қатысты болмақ. Ол сондай-ақ ресейлік алюминий мен ядролық отынға эмбарго енгізуді ұсынды.

– Ресей бұл соғысты одан әрі қаржыландыра ала ма, жоқ па, ол бізге байланысты, - деп атап өтті Кубилюс.

Сонымен қатар, Бельгия парламентшісі Катлин ван Бремпт ЕО-мен бірге ресейлік гауһар тастарға қатысты санкциялар әзірлеп жатқанын мәлімдеді.

Айта кету керек, “Росатомға” және ресейлік ядролық отын экспортына қатысты жаңа санкциялар Қазақстанға оң да, теріс те әсер етуі мүмкін. Бүгінгі таңда Қазақстан уранның ең ірі өндірушісі – еліміз әлемдік көлемнің 43%-ын өндіреді.

Жыл сайын Қазақстан осы радиоактивті металдың 21 мың тоннасын экспорттайды. Сондықтан санкцияны енгізу қазақстандық ядролық шикізатқа деген сұранысты арттыруы мүмкін.

Алайда, “Росатом” болашақ қазақстандық атом электр станциясын салушы ретінде қарастырылып жатқан әлеуетті мердігерлердің бірі екенін айтпай кетуге болмас. Сондықтан, шектеулер енгізілген жағдайда Энергетика министрлігі компанияны АЭС салушылар тізімінен алып тастауға мәжбүр болуы мүмкін.

Еске салайық, қыркүйекте Германияда сөйлеген сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Ресейге қарсы санкцияларды айналып өту ниеті жоқ екенін мәлімдеген.

"Қазақстан санкциялық режимді ұстанатынын нақты айтты. Біз санкциялық режимді сақтау бойынша тиісті ұйымдармен байланыстамыз және неміс тарапының санкциялық режимді айналып өтуге бағытталған ықтимал әрекеттерге қатысты қандай да бір күдігі болмауы тиіс", – деді президент.