«Еріншектіктен басқа себебі жоқ»: журналист қайыршылар арасында қазақтардың көбеюі жайлы

Ғалиасқар Думан

Белгілі журналист Серік Абас-шах елде алақан жайып, қайыр тілеушілердің арасында қазақтардың көбеюіне алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

көрнекі фото

“Бұрынырақта көшеде қайыр тілеп жүргендердің көбі сыған(дар) сияқты еді. Қазір бұл “сала” да қазақылана бастапты. Қайыршылардың арасында қазақтардың пайда болуы (дәлірек айтсақ көбеюі) бізді қуантатын немесе ахылап-үкілететін мысал емес. Басқа ұлттан артық та емеспіз, кем де емеспіз. Бірақ алаңдататын нәрсе (әрине)”, – деп жазды ол.

Журналист қайыршылық кей халықтың өкілдері үшін өмір салты екенін, алайда бізде ондай салт ешқашан болмағанын атап өтті.

“Мүмкін, бұл кейбіреулерге азды-көпті табыс әкелетін “мамандық” шығар? Олай да болуы мүмкін. Он екі мүшесі сау қазақтың басқалардың есебінен өмір сүруге тырысуын еріншектіктен басқа себеп түсіндіре алмайды. Қазақтар бұл “мамандықты” да игеріп жатса, амал нешік?! Біздің елде бәрі керемет, қазақтар ресейге қаңғып барып жұмыс істеп жүрген жоқ, көршілеріміз сияқты” деп мақтанатын кей атқамінерлер бұған не айтар екен? Қайыр тілегеннен гөрі әжетхана тазартса да маңдай термен тапқан тиын-тебен мың есе артық емес пе?”, – дейді Серік Абас-шах.

Қоғам қайраткері бір үзім нанға зар болмаса да, берілетін көмекке қатты мұқтаж адамдардың бар екенін ұмытпау керегін ескертті.

Айта кетейік, ресми статистика бойынша елімізде жұмыссыздар саны 452,6 мың адам екені хабарланған.

Қазақстанда шілдеде жұмыс іздеушілер саны маусым айымен салыстырғанда 38,8 мыңға (+71%) өскен. Сондай-ақ, шілде айында 53,8 мың қазақстандық жұмысынан айырылуына байланысты жәрдемақы алған. Бұл бір ай бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда 4,1%-ға артық, ал бір жыл бұрынғы көрсеткішке қарағанда 96,4%-ға көп.

Ұлттық банк жариялаған деректерге сүйенсек, қазақстандықтардың 90%-ының жан басына шаққандағы табысы 151 мың теңгеден аспайды.

Сондай-ақ, бұдан бұрын елімізде 355 мыңнан астам бала кедейлік шегінде өмір сүріп жатқаны хабарланған.