Нью-Йоркте бір байқағаным – біздің делегация ескі тәсілмен жасақталғандай әсер қалдырды: президенттің айналасында негізінен мемлекеттік қызметкерлер жүрді, ал Қасым-Жомарт Тоқаевпен бірге барғандардың ішінде бар-жоғы үш кәсіпкер ғана болды. Бұл, ең алдымен, халықаралық блоктың – Президент әкімшілігі, Сыртқы істер министрлігі мен елшіліктің олқылығы деп ойлаймын.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінде негізгі саяси жұмысты жүргізіп отыр: ол диалог пен ынтымақтастыққа жол ашуда. Бірақ саясат – бір бөлек, ал нақты инвестиция – мүлдем басқа мәселе. Бизнес саласында бастысы – хаттама емес, келісімдер мен кепілдіктер. Кез келген инвестиция дегеніміз – бизнес пен бизнестің өзара байланысы.
Америкалықтармен сөйлесе жүріп байқағаным, президенттің қазір орнынан кеткен кейбір кеңесшілері мен көмекшілері бұл мәселеге бас қатырмаған. Мүмкін, осы сапар Тоқаев үшін нақты сабақ болған шығар: қасында шенеунік көп болса, алға жылжу емес, кері кету орын алады.
Бүгінде Тоқаев әкімшілігі қазақстандық бизнестің әлеуетіне назар аударып, жаңа не ескі Қазақстанда көзге түскендерді іздеумен уақыт өткізбей, әлемдік іскер топтармен байланыс орнатуды ойлағаны жөн. Егер біз инвестиция тартуды, жаңа өндірістер мен жұмыс орындарын ашуды қаласақ, кінәліні іздеумен емес, болашақ туралы сөз қозғауымыз керек, әлемдік бизнеспен қарым-қатынасты дамытуға күш салуымыз қажет.
Ал Дональд Трамптың Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевпен кездесуі біздің дипломатияның бір нәрсені жіберіп алғанын, ойластырмағанын, жеткілікті жұмыс істемегенін тағы бір рет көрсетті. Сондықтан Тоқаевтың Америка сапарынан кейін халықаралық блоктағы кадрларды жедел ауыстыруы – қисынды қадам деп есептеймін. Шынтуайтына келгенде, тек тар шеңбердегі өнеркәсіпшілерге ғана белгілі Шарлапаевтың Тоқаевтың беделінің қасында тұрғаны өте үйлесімсіз көрінді.