МӘМС жүйесі іске қосылғаннан бері у-шу жалғасуда. Тіпті, депутаттардың өзі шикі жобаны тоқтата тұру қажет екенін алға тартып отыр, деп жазады Ulysmedia.kz.
Былығы көп
Қарапайым тұрғындардың жүйені іске қосқандарға өкпесі қара қазандай. Өкпелемегенде ше? Жарналар мен аударымдарды ай сайын төлеп тұрмаса, ең құрығанда бір ай кешіктірсе, медициналық көмек көрсетілмей қоятынын қайтерсің?
Тіпті, уақытылы аударып тұрған, алайда ұзақ еңбек демалысына кеткен адамдарды "медсақтандырылған" мәртебесінен айырудың сорақы деректері әшкере бола бастады.
Сарапшылар бұл жүйе әділетсіздікке құрылғанын айтуда. Елімізде жалақының аздығынан азаматтарға бірнеше жерде жұмыс істеуге тура келеді. Билік қазақстандықтарды барлық жұмыс орны мен табысынан МӘМС-ке жарналар мен аударымдар төлеуге мәжбүрлейді. Таксишілердің барлығы дерлік кәсіпкер ретінде тіркеліп, жарна аударатын күн де алыс емес.
Қор қылған қор
Сарапшылардың айтуынша, "бір адам – бір жарна" қағидатын ұстану туралы ұсыныстарға Үкімет құлақ аспай отыр. Салдарынан, медициналық сақтандыру жүйесіне жүгінбейтін, ақылы клиникалар қызметін ғана тұтынатын адам да қорға өзі үшін бірнеше рет алым төлеуге мәжбүр.
Inbusiness.kz сайтының айтуынша, саланың былыққа батқанына, халық пен әділдіктен алыстығына, МӘМС қорының жүйені тиімді басқара алмай отырғанына билік те назар аударған. Алайда оны жою орнына, проблемаларды сылтау етіп, кәсіпкерлерге түсетін ауыртпалықты арттыруға ниетті.
"Міндетті медициналық сақтандыруды енгізудің негізгі тұжырымдамасы – халыққа медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру болып еді. Алайда бүгінгі таңда медициналық көмек халыққа қолжетімсіз болып қалды. Мұның басты себептерінің бірі – қаржыландырудың әртүрлі көздерінен түсетін қаржы ресурстарын тиімді басқара алмау болып табылады", – делінген денсаулық сақтау министрлігінің талдауында.
Кім кінәлі
Ведомство медсақтандырылған азаматтардың лайықты медкөмек ала алмауына кінәлілерді атады.
Біріншісі – мемлекеттің өзі айыпты екен. Себебі, "ТМККК және МӘМС бойынша мемлекет өз міндеттемелерін толық орындамайды". Салдарынан, қаржыландырудың жеткіліксіздігі проблемасы туындады.
Екіншісі – Үкіметтің МӘМС бойынша жарналар мен аударымдардың ставкасын төмен белгілеуі аталды. Бұл ретте министрлік Еуропа елдерін үлгіге ұсынып отыр. Мысалы, Словакия тұрғындары бүкіл табысының – 14%-ын, Францияда – 13,5%-ын, Польша мен Молдовада – 9%-ын медсақтандыруға беретін көрінеді.
Сонымен бірге Ажар Ғинияттың командасы әлемдегі көптеген мемлекетте, соның ішінде дамыған елдерде медицина тегін екенін жасырып қалғандай. Мысалы, Данияда оның барлық азаматтары үшін тегін медицина бекітілген. Оның шығынын мемлекет салық есебінен өзі өтейді. Еуропаның біраз елінде медсақтандыру 3% айналасында. Азия елдері ерікті медсақтандыруды таңдаған.
Үшіншіден, ДСМ медсақтандыру қорына жарна мен аударымдар аудармайтын қазақстандықтарға айып тақты. 3 миллионнан астам тұрғын МӘМС жүйесінен тыс қалыпты, яғни сақтандырылмаған.
7,3 триллион теңге түседі
Денсаумині осының кесірінен медицинаға қаржы жетпей жатқанын хабарлады. Кепілдендірілген тегін медкөмек пен МӘМС бойынша мемлекеттің медициналық ұйымдар алдындағы қарызы бүгінде 226 миллиард теңгеге жеткені белгілі болды.
"Болашақта медициналық шығыстар қордың түсімдерінен асып кетеді деп болжануда. Мәселен, 2030 жылдың соңына қарай шығыстар түсімдерден жыл сайын 426,3 миллиард теңге мөлшерінде асып түседі деген болжам бар. ТМККК және МӘМС шығыстарының ЖІӨ-ге шаққандағы үлесі 2022 жылғы 2,4%-дан 2026 жылға қарай 2,1%-ға дейін төмендейді", – деп хабарлады министрлік.
Денсауминінің мәліметінше, болжам бойынша 2023–2026 жылдары аталған қорға тағы 7,3 триллион теңге түседі. Бұл қаржы қазақстандықтардан, бизнестен және мемлекеттен алынады.
Мұны аз көрген Денсаулық сақтау ведомствосы "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңының жобасын әзірледі. Ол қолданыстағы "Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы" заңына түзетулер енгізеді.
Онда жұмыс істеп, жалақы алатын азаматтар, микро және шағын бизнес үшін ӘМСҚ-ке аударылатын жарналар көлемін 5 есеге арттыру ұсынылған. Бұл заң қабылданса, онда жарты миллионнан астам адамның шығыны күрт артады. Олардың отбасы мүшелерін қоса есептесек, бұл жаңалық қатысты болатын адамдардың саны бірнеше миллионға жетпек.
Естеріңізге салсақ, бұған дейін әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына түсетін және жұмсалатын қаражат туралы есеп жарияланған болатын.