Қазақстанның даму банкі кім үшін жұмыс істейді немесе «таңдаулылар» тізімінде кімдер бар

Ulysmedia

Қазақстанның Даму Банкінің (ҚДБ) құрылғанына 23 жыл толды. Осы аралықта ҚДБ елімізде шамамен 174 жобаны қаржыландырды. Бұл ретте қаржыландыру қалай жүргізіледі деген заңды сұрақ туындайды. Өйткені қаржыландыру тәртібіне қатысты түрлі мемлекеттік органдардың өз шағымдары бар. Ulysmedia.kz ҚДБ кімнің мүддесін көздейтінін анықтады.

Коллаж: ulysmedia.kz.

ҚДБ-ін тек мемлекеттік органдар ғана сынап жүрген жоқ, президент те бірнеше рет сын айтты.. Осы банктің қаржыландыруға рұқсат берген жобаларына мұқият қарасаңыз, тізімнен таныс фамилияларды көресіз.

Олигархтар мүддесі

Мысалы, ҚДБ Ақтөбе облысындағы «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ-на несие берген. Оның түпкілікті бенефициарлары – Патох Шодиев, Мұқадасхан Ибрагимова, Александр Машкевич және Қазақстан Республикасының үкіметі.

Несие сомасы әзірге жарияланбағанымен, бұл қаржы Хромтау моноқаласында жел электр стансасын салуға арналғаны белгілі.

Бұл үш фамилия қазақстандықтарға етене таныс, олар халық арасында «Еуразиялық үштік» деген лақап атқа ие. Бұл көптен бергі іскер достар, Қазақстандағы көптеген металлургиялық зауыттарды бақылайтын Eurasian Resources Group (ERG) компаниясының ортақ иелері.

Тағы бір мысал, қызанақ өсіретін Түркістан облысындағы жылыжай кешенінің бірінші кезегін салу жобасына 2023 жылы банктен 25 млрд. теңге несие берілген. Қарыз алушы «Экокультура-Еуразия» ЖШС, ал негізгі бенефициарлар Шабдарбаева Ғазиза Маратбекқызы, Даутова Салтанат Естайқызы және Рудаков Александр Сергеевич.

Ашық ақпарат көздерінен алынған мәліметке қарағанда, Ғазиза Шабдарбаева Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Амангелді Шабдарбаевтың келіні, ұлы Арланның әйелі.

Александр Рудаков – ресейлік миллиардер, Ресей Федерациясындағы ең ірі агроөнеркәсіп кешені «Эко-Культура» компаниясының 51% акциясына иелік етеді. Кәсіпорын көкөніс өндіреді және жылыжай салуға белсенді түрде инвестиция салуда.

Үшінші құрылтайшы туралы ақпарат ашық дереккөздерде табылмады.

Беру керек пе, бермеу керек пе?

Қазақстандағы алтын кен орындарының иелері де несие алу үшін өз кезегін күтіп отыр. «АК Алтыналмас» АҚ және көмір өндіретін «Қаражыра» АҚ-да 20 пайыз үлесі бар Владимир Жұманбаев қашан ҚДБ несие береді екен деп екі алақанын ысқылап отыр. Сонымен қатар кәсіпкердің иелігінде «Benkala» тау-кен компаниясы, «Ronson-2000» ЖШС және «Vertex Holding» ЖШС акцияларының 30 пайызы бар. Владимир Жұманбаев осы компаниялар арқылы бағалы металдарды өндірумен айналысатын «Goldstone Minerals» АҚ акцияларының басым бөлігіне ие.

Сондай-ақ оның әріптесі, «АК Алтыналмас» АҚ 10,5% акциясының иесі Дияр Қанашев та кезегін күтіп жүргенге ұқсайды.

Енді олар «Тараз химиялық паркі» АЭА-да қуаттылығы жылына 25 мың тонна болатын натрий цианидін шығаратын зауыт салуды жоспарлап отыр. Қарыз алушы – «AltynAlmas Reagents» ЖШС, оның түпкілікті бенефициарлары Ветиул Игорь, Джалолов Бахром Бурхонович, Канашев Дияр Бақытбекұлы, Рахишов Қайрат Кәрібайұлы және Goulden Reserves B.V. Бірақ әзірге өтініш тек банктік сараптамадан өтіп жатыр.

Сонымен қатар, танымал Pepsi, Da-da, Piala, Gracio, 7up және Mirinda, Lipton шайларын шығаратын «RG Brands» АҚ-ның иесі, олигарх Қайрат Мәжібаев та ҚДБ-дан қомақты несие алмақшы.

Мәжібаев зауыт қуаттылығын арттырып, Өзбекстан нарығына шыққысы келеді. Оның сусындары қазірдің өзінде Қырғызстан мен Ресейге экспортталады. «RG Brands Kazakhstan» ЖШС компаниясы 26,5 млрд теңге несие алуды жоспарлап отыр. Бірақ ҚДБ бұл ақшаны Нұрбанк және ЦентрКредит Банктерімен бірлесіп беруді ұйғарған. Біріккен несие портфелі қазақстандық секторда бірінші рет осы жобаға берілгелі отыр.

Репутацияны қалпына келтіру

Еске салайық, 2022 жылдың қаңтарында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ҚДБ жұмысын сынап, оны халықтың таңдаулы тобына арналған банк деп атаған. Президент банктің несие беру саясаты, алдымен, таныстарға, кейін басқа тұлғаларға берілетінін айтқан. Бұл елдегі олигополияны күшейтетіні сөзсіз. Осындай кемшіліктерді жою мақсатында Қ.Тоқаев ҚДБ жұмысын қайта құрылымдауды тапсырды.

Не өзгерді? Көріп отырғанымыздай, өтініш берушілер мен несие алғандардың арасында әлі де олигархия мен жоғары эшелондағы топ өкілдері бар. Мұндайда «ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды» деген сөз ойға оралады.

Бірақ 2024 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша мемлекеттік банк кірісті 24%-ға, яғни өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі 36,7 млрд теңгеден 45,6 млрд теңгеге дейін ұлғайта алды. Бұл ретте ҚДБ активтері жыл басынан бері 4,6 трлн теңгеге немесе 6,5%-ға өсті.

Ағымдағы жылдың қаңтар-наурыз айларында ҚДБ 149,1 млрд теңгеге несие берген, бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4%-ға немесе 1,8 трлн теңгеге артық. Сонымен қатар, банктің қаржылық есебінде атап өтілгендей, несиелердің ең көп мөлшері металлургия, мұнай өнімдері және тау-кен өнеркәсібі салаларына берілген.

Айта кетейік, ҚДБ Директорлар кеңесінің төрағасы Рустам Қарағойшин, ал оның мүшелері – Марат Елібаев, Әнуар Сәйденов және Марсия Элизабет Кристиан Фавале. Ал банктің жалғыз акционері – «Бәйтерек» холдингі.

Автор Аман Төлебаев