Қант үшін күрес немесе саланы дамытудың кешенді жоспары неге орындалмады

Ulysmedia

Қант тапшылығы мәселесі жаз маусымы басталған сәтте күн тәртібіне шығады. Бұл жылдағы дәстүрге айналды. Әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізімінде тұрған қанттың саудасы осы жаз-күз айларында қызады десек, артық айтқандық емес. Ел нарығы қант импортына тәуелділіктен құтылған жоқ. Үкімет бұнымен күресіп жатырмыз десе де, нақты нәтиже байқалмайды.  Қағаздағы есеп пен тұрмыстағы шынайы ахуал еш сәйкес келмейді. Ulysmedia.kz қант дефициті биыл да қайталана ма деген сауалға жауап іздеп көрді.

Коллаж Ulysmedia

Қантқа сұраныс артып келеді

Халық санының өсуіне байланысты қантқа сұраныс артуда. Өткен жылы бізге болжам бойынша 507 мың тонна қант қажет болса, 2024 жылы бұл қажеттілік 550 мың тоннаға дейін артады. Осылайша, өсім 8,5 пайызды құрайды.

Отандық қант Ақсу Қант, Қорсын, Меркен және Тараз зауыттарында өндіріледі. Ал қажеттіліктің көп бөлігі шетелден импортталады.

Қант шикізаты

Біздегі «тәтті» қант қызылшасынан және тростниктен өндіріледі. Былтыр 133 мың тонна тростникті қант импортталған. Оны сатып алуға 80,5 млн. Доллар ақша жұмсалды. Ол Бразилиядан жеткізілді. Биыл Сауда министрлігі екі айдың ғана көрсеткіштерін жариялады. Еліміз 14,5 мың долларға 5 тонна шикізат сатып алған. Өнімнің 99 пайызы Ресейден әкелінген. Бағаның қымбат болуы  кедендік баж салығымен байланысты.

- Қазақстан ДСҰ аясындағы тарифтік міндеттемелерге сәйкес, шикі қантқа қатысты 5 пайыздық импорттық кедендік баж салығын қолдана алады. Отандық қант зауыттарын қолдау, сондай-ақ ішкі нарықты қамтамасыз ету және дайын қанттың өзіндік құнын төмендету мақсатында «Кедендік одақ комиссиясының шикі қантқа қатысты кейбір шешімдеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» шешім қабылдады.  Соған сәйкес, шетелден сатып алынған 300 мың тонна қант шикізатына баж салығы алынбайды. Квота 2024 жылдың соңына дейін жарамды, - дейді Сауда және интеграция министрлігі.

Сонымен қатар олар елге шикі құрақ қантын әкелуге еш кедергі жоқ деп отыр.

Дайын өнімді қайдан аламыз?

Былтыр қант импорты 303 мың тоннаны құрады, атап айтқанда:

  • Ресейден – 288 мың тонна;
  • Беларусьтен – 7,8 мың тонна.

Биылдың өзінде екі айда 53 мың тонна жеткізілді: Ресейден – 52,7 мың тонна, Беларусьтен – 341 тонна.

- Қазақстан қант импортына тәуелді, сондықтан былтыр еліміз шетелден 303 мың тонна қант сатып алған. Мұндағы Ресейдің үлесі – 95%, яғни 289 мың тонна, - деп хабарлады Сауда және интеграция министрлігі.

Биыл Ресей 31 тамызға дейін қант экспортына тыйым салды. Бірақ олар бізді тауарсыз қалдырмайды: Ресейде қант экспортының көлемі 120 мың тонна болады деп жоспарлануда. Қант дефицитіне тап болмас үшін Қазақстан да өз өндірушілеріне осындай тыйым салып отыр.

Бұл ретте Сауда министрлігі қантты Қазақстанға әкелуге тыйым салу мүмкін емес екеніне сенімді.

- Ресей қантының импортына тыйым салу мен шектеу қою қисынсыз. Бұл ретте ішкі нарықты қорғаудың демпингке қарсы шараларының бірі – Қазақстанда өндірілетін, әкелінетін және сатылатын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына ең төменгі көтерме бағаны белгілеу, - дейді министрліктегілер.

Бағасы қанша?

Алайда мұндай ынтымақтастық қазақстандық өндірушілер үшін әрқашан пайдалы бола бермейді. Мәселен, былтыр Қант, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қауымдастығының басшысы Айжан Наурызғалиева Ресейден арзан қанттың келуіне байланысты қазақстандық қант зауыттары өндірісін тоқтатуға мәжбүр болғанын айтқан еді. Отандық тауардың келісі – 440 теңге, ал ресейлік қанттың бағасы – 350 теңге.

Бүгінде дүкен сөрелерінен қанттың келісін 485 теңгеден және 399 теңгеден табуға болады. Сонда кім ұтты?

Сонымен қатар, статистикаға сенетін болсаңыз, қант бағасы түсіп жатыр. Ақпан айында түйіршіктелген қант құны 14,8%-ға, сәуірде 5,3%-ға төмендеген.

Жоспардың қай тұсы дұрыс жоспарланбаған?

2022 жылы «Қант өнеркәсібінің 2026 жылға дейінгі даму жоспары» қабылданды. Ол жақында түзетіліп, 2028 жылға дейін ұзартылды. Жоспар жергілікті шикізаттан қант өндірісінің өсуіне, қант қызылшасының егіс көлемін ұлғайтуға және зауыттарды жаңғыртуға ықпал етуі тиіс.

Бұл жоспардың маңызды тұстарының бірі – қант қызылшасы егіс көлемін ұлғайту. 2026 жылға қарай оларды 38 мың гектарға дейін ұлғайту көзделді, кейін жоспар өзгерді, енді 2028 жылға қарай қант егілетін алқап 40 мың гектарға дейін кеңейтіледі.

- Республикада қант қызылшасын өсіретін негізгі аймақтар – Алматы, Жетісу және Жамбыл облыстары. Қант қызылшасын өңдейтін өндіріс орындары да осы өңірлерде орналасқан, - дейді Ауыл шаруашылығы министрлігі.

Түзетілген құжатқа сәйкес, биылғы егіс көлемі 25,6 гектарды құрауы тиіс, атап айтқанда, мына өңірлер туралы сөз болып отыр:

  • Алматы облысы – 200 га;
  • Жетісу облысы – 10,7 мың га;
  • Жамбыл облысы – 14,7 мың га.

Сонымен қатар, жоспар мен іс жүзіндегі әрекеттер екі бөлек. Ауыл шаруашылығы министрлігі Ulysmedia.kz сайтына берген жауабында сәл басқа сандарды келтірген.

- Биыл облыс әкімдіктерінің мәліметі бойынша қант қызылшасының болжамды егіс алқабы 19,5 мың гектарды құрады: Жамбыл облысында – 7,9 мың гектар, Алматы облысында – 120 гектар, Жетісу облысында – 11,5 мың гектар. Былтыр 13,5 мың гектар болса, биыл егіс алқабы 6,5 мың гектарға ұлғайған, - делінген жауапта.

Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді ынталандыру үшін қант қызылшасын өндіруге кеткен шығындарды өтеуге субсидиялар беріледі. Олар өңдеуге жіберілген тонна үшін төленеді.

Қорытынды

Қант өнеркәсібінің даму жоспары былтырдан бері жасалып келеді, бірақ көріп отырғанымыздай, қант нарығындағы жағдай оңалмай тұрған сияқты. Отандық төрт зауыт бізді қантпен қамтамасыз ете ала ма, ол жағы белгісіз. Биылғы сұраныс 550 мың тонна, оның 53 мың тоннасы келді, 120 мың тонна тағы да жәбереміз деп отыр. Бәлкім, мұндай шектеулер қант өндірушілерді жұмылдырып, мол өнім шығаруға мүмкіндік беретін шығар. Бәрі уақыттың еншісінде дейміз. Немесе мұны тосап қайнату маусымы көрсетеді.

Кристина Колосовская