Қалай және не үшін? Ұлттық банк жаңа банкноталарды айналымға енгізу туралы ақпарат берді

Ulysmedia

2023 жылғы қарашада Ұлттық Банк айналымға біртіндеп шығатын «Сақ стилі» жаңа банкноталар сериясын таныстырған болатын. Ұлттық Банк банкноталардың дизайнын өзгерту туралы шешім неліктен қабылданғанын айтып берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: Ұлттық банк

Бір жыл бойы біз үйреніп қалған ескі үлгідегі банкноталар да, жаңа банкноталар да айналымда қатар жүретін болады.

Ал алдағы үш жылда ескі ақшаларды екінші деңгейлі банктер мен «Қазпошта» филиалдарында «Сақ стилі» сериясының жаңа банкноталарына ауыстыру қажет болады. Одан кейін, ескі күртеңіздің қалтасынан ұмыт қалған «қазына» тауып алсаңыз да, ақшаны кез келген уақытта, тіпті 50 жылдан кейін де Ұлттық Банк филиалдарына апарып айырбастап алуға болады.

Дегенмен, Ұлттық Банк неліктен банкоталардың дизайнын өзгерту керек болды? Мән-жайын анықтап көрейік.

Ең алдымен, Ұлттық Банк теңге банкноталары мен монеталарын шығаруға өкілетті екенін бірден ескерте кету керек. Орталық банкке жүктелген міндеттің бірі – айналымдағы қолма-қол ақша санын реттеу.

Банкноталарды жаңалаудың қажеті қанша, ескі банкноталарды айналымнан шығаруға не себеп?

Банкнота дегеніміз – қағаз ақша. Олар да қағаздан жасалған басқа өнімдер сияқты уақыт өте тозады, қорғаныш қабілетін жоғалтуы мүмкін.  Заманауи технологиялар дәуірінде банкноталардың қорғаныш қабілетін жетілдіріп, әлемдік стандарттарға сай ету – маңызды іс. Міне, Ұлттық Банк банкноталардың қорғаныш элементтерін сол себепті жаңартып отырады.

«Банкнота дизайнын өзгерту – жалған ақша жасаудың алдын алу үшін қажет табиғи процесс. Себебі қорғаудың жаңа әдіс-тәсілдері пайда болып, банкнота жасауда жаңа технологиялар қолданысқа еніп жатыр».

Неліктен доллар және басқа да валюталардың дизайны өзгермейді, ал теңге үнемі жаңарып отырады?

Банкноталардың дизайнын өзгерту – әлемде кең таралған тәжірибе. Сондықтан АҚШ доллары немесе басқа да валюталардың дизайны өзгермейді деген пікір жаңсақ түсінік деуге болады.

Мәселен, еуро алғаш рет 2002 жылы шықты, ал 2013 жылдан бастап еуроның жаңа банкноталар сериясы айналымға енгізілді. 2015-2020 жылдар аралығында Швейцария франктері де жаңа үлгіде шығарылды. Бұл банкноталар алдыңғы серияға қарағанда мүлдем өзгеше болды. Ақша дизайнының өзгеруінде түрлі себеп болуы мүмкін. Мұндай қадам жасауға мәдени, саяси және технологиялық факторлар әсер етеді.

«Сақ стилі» сериясын шығарудағы негізгі мақсат – валютамыздың қорғалу дәрежесін көтеру ғана емес, сонымен қатар Қазақстанның мәдени құндылығы мен тарихын дәріптеу».

Жаңа банкноталардың басты артықшылығы неде?

Теңгенің дизайнын жаңарту арқылы Ұлттық Банк қандай да бір жаңа дизайнерлік немесе көркемдік шешімдерді паш етуді көздемейді. Мұндағы мақсат – бұдан әлдеқайда ауқымды.

Ұлттық Банк сарапшылары әлемдегі барлық банкнотаға мұқият талдау жүргізді. Соның нәтижесінде ақша пішінінің ұзындығы мен енін қысқартуда көптеген артықшылық бар екені белгілі болды.

«Ал «Сақ стилі» банкноталарының басты ерекшелігі – олардың ықшамдалған мөлшері. Мұндай банкноталарды сақтау және тасымалдау ыңғайлы. Сондай-ақ, бұл шешім банкнота парағында көбірек банкнота басып шығаруға мүмкіндік беріп, банкнота өндірісін жеделдетеді әрі жеңілдетеді».

Дизайнды өзгертпей-ақ қолданыстағы банкноталарға қосымша қорғаныш элементтерін енгізуге болмай ма?

Мұндай тәжірибе кей елдерде қолданылады. Бірақ бұл тек бір қарағанда оңай көрінуі мүмкін. Мәселен, банкнота қағазында үзік-үзік жіп тәріздес және басқа да арнайы белгілер, «терезе» аталып кеткен негізгі қорғаныш элементтері болады. Олардың үстіне жаңа элементтерді қою – күрделі және қымбат технологиялық процесс. Сонымен қатар, қорғаныш элементтерін өндірушілердің нарығы айтарлықтай тар әрі шектеулі, ал қорғаудың жаңа әдіс-тәсілдері жиі пайда бола бермейді.

«Ескі үлгідегі банкноталарда пайда болғанына 11 жылдан асқан қорғаныш элементтері қолданылған. Енді олар қауіпсіздікті толық қорғай алмайды. Сондықтан Ұлттық Банк халыққа да, касса жабдықтарына да ыңғайлы әрі түсінікті болатын жетілдірілген қорғаныш элементтерін қолдану мүмкіндігіне жан-жақты талдау жүргізді».

Жаңа ақшаны айналымға енгізуге қанша қаражат керек?

Жаңа банкноталарды айналымға енгізуге жұмсалатын жалпы шығын ескі банкноталарды шығару және жаңартуға кететін шығынмен бірдей. Бұл ретте олардың берік қорғаныс және пайдалану ыңғайлылығы тұрғысынан бірқатар артықшылығы бар. Сондай-ақ, ұлттық валютаның банкноталары мен монеталарын әзірлеуге кететін шығын олардың номиналды құнынан аспайтынын ескерген жөн.

Ұлттық Банк жаңа банкноталардың дизайнын әзірлеуге қанша қаражат жұмсады?

Жаңа банкноталардың дизайнын бастан-аяқ Ұлттық Банкте жұмыс істейтін дизайнерлер жасап шықты. Сондықтан Ұлттық Банк жаңа дизайн әзірлеуге қосымша шығын шығарған жоқ.

Жалпы, банкнота мен монета шығаруға жұмсалған шығыс туралы ақпарат ҚҰБ-тың жалпы қаржылық есебінде көрсетіледі.

«Сақ стилі» сериясымен шыққан банкноталардың қайсы айналымға еніп үлгерді?

Былтыр жыл аяғында 5 000 теңгелік банкнота шығарылды және қазір жаппай айналымда жүр. 2024 жылғы маусымның аяғында 10 000 теңгелік банкнотаны шығару жоспарда бар. Қалғаны 2026 жылдың аяғына дейін біртіндеп айналымға енеді.

«Номиналы 10 000 теңгелік банкнота 2024 жылдың күзінде жаппай айналымға енеді. Өйткені жаңа ақшаны еліміздің барлық өңіріне жеткізіп, жабдықтарды (банкоматтар, терминалдар және басқа да касса техникалары) бейімдеу үшін бірнеше ай қажет».

 Банкоматтар мен терминалдар жаңа банкноталарға қалай бейімделеді?

Банкнота дизайнына жаңа қорғаныш элементтерін енгізу белгілі бір деңгейде қиындықтар тудыруы мүмкін. Жаңа элементтердің кейбірі бір қарағанда көзге көрінбейді, ал банкоматтар мен терминалдар және кассалық машиналар мұндай банкноталарды «танымауы» мүмкін, тіпті оларды қабылдамауы ықтимал.

Осылайша, жаңа қорғаныш элементтері бар банкноталарды, сондай-ақ жаңа дизайндағы банкноталарды қолдану үшін алдымен техниканы бейімдеу қажет. Банкноталардың жаңа дизайнына арналған мұндай процесті негізінен жабдықты өндірушілер жүзеге асырады және екі-бес айға созылады.

Жаңа ақшаны айналымға енгізу процесі қалай жүреді?

Банкнота шығару процесінің барлық кезеңі мұқият ұйымдастыруды және бақылауды қажет етеді. Оған Ұлттық Банк, Банкнота фабрикасы, ұйымдастырушы компания және материалдарды баспаға жеткізушілер сияқты бірнеше қатысушы атсалысады.

«Процесс күрделі және бірнеше кезеңнен тұрады. Алдымен дизайнның концепциясы әзірленіп, бекітіледі. Техникалық сипаттаманы келіскеннен кейін, қорғаныш қағазын, сия мен қорғаныш элементтерін таңдағаннан кейін прототип жасалады. Мөрді келісу мен дайындаудың барлық кезеңі өткен соң Банкнота фабрикасы жаңа теңгелерді тікелей өндіруге кіріседі. Кейін олар бүкіл ел бойынша Ұлттық Банк филиалдарына жіберіледі».

Содан соң Ұлттық Банк жаңа банкноталар айналымға шығатынын мәлімдейді және оларды ЕДБ мен бизнес субъектілеріне жабдықты бейімдеу үшін береді. Барлық кезеңнен өткен соң банкноталар жаппай айналымға шығады және қазақстандықтар жаңа ақшаны ұстап көріп, жұмсай алады.