ЕЭК-тегі дау: Еуразиялық кеңістікте кім кімді аңдиды

Ulysmedia

Telegram-арналардың бірі ресейлік IT-компания Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) қызметкерлері үшін сенімді көпірге айналғанын, тіпті оның мүшелерін аңдумен айналысатынын хабарлады. Ulysmedia.kz бұл қандай компанияның екенін және Қазақстанға қандай қатысы барын анықтап көрді.

gov.kz

Дау неден шықты

Арна авторларының айтуынша, ЕЭК-тің кейбір қызметкерлері комиссияда белгілі бір адамдарды тағайындау және әртүрлі ұйымдардың мүдделерін қолдау схемаларын құрған. Авторлар ЕЭК қызметкері Владимир Шмойлов деген есімді атайды. Авторлардың айтуынша, оның өтінішімен ресейлік «Софтлайн» компаниясы ірі келісімшарттар алып отыр. Сонымен қатар, осы коммерциялық компанияның қызметкерлері Еуразиялық экономикалық комиссия мүшелерін аңдып, олар туралы дерек жинағаны атап өтілді.

«Софтлайнның» бізге қатысы қанша?

ЕЭК пен «Софтлайнның»  ішкі мәселелері мен дау-дамайларының бізге қатысы қанша деп ойлауыңыз мүмкін. Түсіндірейік: жақында IT-шешімдерді жеткізуші компания Қазақстан нарығына шығатынын жариялады. Ол Алматыда хаб құрып, өз өнімдерін, салалық шешімдерді, сараптаманы, ресейлік вендорлардың шешімдерін насихаттамақшы.

– Кейбір ресейлік бағдарламалық жасақтама және жабдық өндірушілері жергілікті тұтынушылармен, дистрибьюторлармен және интеграторлармен өзара байланысты белсенді түрде орнатып жатыр. Сонымен қатар, Орталық Азия компанияларының көптеген клиенттері адалдық танытып, ресейлік бағдарламалық жасақтама мен жабдықты батыстық өнімдерге балама ретінде қарастыруға дайын екендіктерін білдіреді, - делінген хабарламада.

Қазақстанға келіп қойды ма?

Ulysmedia.kz мемлекеттік органға қатысты қандай да бір ұсыныстар болды ма, хаб құрылды ма, әлде енді ғана кіріспекші ме – осыны нақтылау үшін Цифрлық даму министрлігіне жүгінді. Әзірге «Софтлайн» қандай компания және оның Қазақстанмен байланысы бар-жоғын анықтап көрейік.

Google-ға сұрау жібергенімізде әлдебір «Софтлайн Трейд» ЖШС жайлы мәлімет шықты, екеуінің қызмет салалары ұқсас.

БСН бойынша қазбаласақ, біз басқа атауды көреміз – «Noventiq» ЖШС.

«Софтлайнды» Игорь Боровиков құрған. Компания ішкі жобалармен айналысқан, ал халықаралық жобалар үшін басқа құрылым – Noventiq ашылды.  2022 жылдың қазан айында Softline Holding бизнесті ресейлік және халықаралық деп бөлуді аяқтапты. Ресейлік бөлігі Игорь Боровиковқа 1 долларға сатылып, жаһандық компания Noventiq Holdings деп аталған.

– Noventiq (noventiq Holdings PLC) – штаб-пәтері Лондонда орналасқан цифрлық трансформация және ақпараттық қауіпсіздік саласындағы шешімдер мен қызметтердің жетекші жаһандық жеткізушісі. Компания әртүрлі салалардағы ұйымдарды ең үздік жасанды интеллект жеткізушілерімен байланыстырады, сондай-ақ өз қызметтері мен шешімдерін ұсыну арқылы өз клиенттерінің бизнесін цифрлық түрлендіруді қамтамасыз етеді, жеңілдетеді және жеделдетеді,  - делінген компания сайтында.

Бұрынғы «Софтлайн Трейдтің»  құрылтайшылары өзгерген:

Ермек Сәдуақастың кім екені белгісіз. Жаңалықтарды ол туралы айтылмаған, ал әлеуметтік желілердегі мұндай тегі мен аты бар адамдар табысты ЖШС-нің иелері болуы екіталай.

Компанияның клиенттері – мобильді операторлардың бәрі, Air Astana, «ҚазМұнайГаз», Kaspi bank және тағы басқалар. Әрине, осындай салмақты клиенттері бола тұра ұйымның құрылтайшысы туралы ақпарат табылмауы таңғаларлық жағдай.

«Софтлайн трейд» ЖШС атауының Noventiq-ке айналу сыры белгісіз. Бірақ осыған сүйене отырып, «Софтлайн» ел нарығында бұрыннан бар деген қорытынды жасауға болады.

Кімді аңдиды?

Жоғарыда аталған арна авторларының айтуынша, табысты IT-алпауыт ЕЭК қызметкерлерін де бақылаған. Ал Қазақстаннан кімді аңдыды? Қызметкерлер арасында төмендегі отандастарымыз бар:

  • премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғарин, мұнда ол – ЕЭК кеңесінің мүшесі;
  • Алматының бұрынғы әкімі Бақытжан Сағынтаев – ЕЭК алқасының төрағасы;
  • бұрынғы сауда министрі Бақыт Сұлтанов – ЕЭК экономика және қаржы саясаты жөніндегі алқа мүшесі.

Сондай-ақ аса танымал емес тұлғалар да бар:

  • Сәкен Саламбеков – хаттама және ұйымдастырушылық қамтамасыз ету департаменті директорының орынбасары;
  • Бақтияр Асаутаев – даму және интеграция департаменті директорының орынбасары;
  • Асқар Жаппарқұлов – макроэкономикалық саясат директоры;
  • Гүлнара Керімханова – статистика департаменті директорының орынбасары;
  • Ернар Бәкенов –кәсіпкерлік қызметті дамыту департаменті;
  • Жасұлан Әзенов – өнеркәсіптік саясат департаменті директорының орынбасары;
  • Динара Тілегенова – ішкі нарықты қорғау департаменті директорының орынбасары;
  • Нұргүл Айтбаева – сауда саясаты департаменті директорының орынбасары;
  • Рустан Дженалинов – көлік және инфрақұрылым департаментінің директоры.

Бұл Қазақстаннан ЕЭК құрамына кіретіндердің және олардың маңайында басқарушылық лауазымдарды атқаратындардың толық тізімі емес.  Олар ұйым қызметкерлерін аңдып отыратындардың назарында болуы мүмкін бе, жоқ па – бұл басы ашық сұрақ. Ulysmedia.kz жағдайды толық түсіндіру және келтірілген фактілерді растау немесе теріске шығару үшін ЕЭК-тің ресми жауабын күтіп отыр.

Көкейдегі көп сұрақ

Мүдделерді қолдау және «майшелпек» жобаларды ылғи бір компанияға ұсыну көптің көкейінде күмәнді сұрақ туғызбай қоймайды. Бірақ мұнда алаңдататыны басқа нәрсе – бір шетелдік компанияның қолынан әртүрлі IT шешімдерді сатып алу, маңызды ақпараттың бір жерде шоғырлануы. Әрине, жаһандану мен дүниежүзілік интернет дәуірінде әлемнен оқшауланып, өзіміз жасаған нәрсені ғана пайдалану ақымақтық, бірақ байқаулардың қаншалықты ашық, адал, әділ өтетіні және неге шетелдіктерге артықшылық берілетіні – ойландыратын мәселе.

Сонымен қатар, қызметкерлерді аңду мәселесінің төңірегінде сауал көп. Осы бағытта ЕЭК-тен нақты жауап алғымыз келеді: олар тексерулер жүргізді ме, не анықталды, қандай мәселе шешілді?

Көкейдегі тағы бір сұрақ: ЕАЭО-да ЕЭК түріндегі қосымша орган не үшін қажет, қызметкерлерді ұстау шығыны және олардың Мәскеуде тұруына қанша қаржы жұмсалады?

Ulysmedia.kz ЕЭК-тен жауап күтеді және жағдайдың өрбуін бақылауда ұстайды.