Түтіні мен шуы жоқ: Электр көліктері Қазақстан экологиясын құтқара ала ма

Ulysmedia

Жақында президент Қасым-Жомарт Тоқаев электр көліктерінің иелері үшін заңды жеңілдіктер белгілеп, сол арқылы онсыз да көптің аузындағы машиналарға сұранысты ынталандыра түсті. Ұлттық экономика министрлігінің Ұлттық статистика бюросы сілтеме жасаған Ішкі істер министрлігінің деректеріне сәйкес, Қазақстанда тіркелген электромобильдер саны биылғы жылдың мамыр айында бір жыл бұрынғы 3,2 мың машинамен салыстырғанда 9,9 мыңға дейін немесе үш еседен астам өсті. Ulysmedia.kz жаңа көліктің артықшылығы мен кемшілігін таразылап көрді.

Коллаж: Ulysmedia.kz

БАРЛЫҚ ЖАҒЫНАН ТИІМДІ

Қазақстандықтар үшін шетелдік электромобильдерді республикаға тасудың артықшылығы – іштен жану қозғалтқышы бар көліктерге қарағанда оларды бажсыз әкелуге болады. Бір айта кетерлігі, Кеден одағы шеңберінде Қазақстанға электромобильдерді бажсыз әкелуге жеке тұлғалар үшін квота белгіленді – 2023 жылы ол 15 мың көлікті құрады.

Республиканың кез келген тұрғыны баждар мен салықтарды төлемей жеке пайдалануы үшін бір электромобиль әкеле алады. Бұл ретте қазақстандықтар утиль алымын төлеуден босатылды – электромобильдерге қатысты кәдеге жарату алымының нөлдік коэффициенті қолданылады. Электромобильді әкелу кезінде ел азаматтары тек автокөлікті мемлекеттік тіркеу үшін ақы төлеуі қажет – әрбір машина үшін екі жылға дейін ол 0,25 айлық есептік көрсеткішті немесе биыл 962 теңгені құрайды.

Көлік құралдарына салынатын салық қозғалтқыш көлеміне қарай есептелетінін айта кетейік. Алайда, Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің түсіндіруінше, электромобиль ішкі жану қозғалтқышымен емес, электр қозғалтқышымен жұмыс істейтіндіктен, қозғалтқыштың көлемі нөлге тең деп саналады, сондықтан бұл салық есептелмейді және оны төлеудің қажеті жоқ.

КҮШІНЕ ЕНГЕН ТҮЗЕТУЛЕР НЕ БЕРЕДІ?

Заңда «электромобиль»  және «электр зарядтау станциясы» сияқты жаңа ұғымдар жазылған. Енді электромобильдер тұрақпен және арнайы орындармен қамтамасыз етеді, ал олардың иелері осы тұрақ орындары үшін төлем жасаудан босатылады. Бұл ретте іштен жану қозғалтқыштары бар кәдімгі автомобильдердің иелеріне электр көліктеріне арналған тұрақты пайдаланғаны үшін айыппұл салынады, оның көлемі 5 АЕК немесе 18460 теңгені құрайды. Ешкім айыппұл төлегісі келмейтіні анық, сондықтан электромобиль иелері тұрақ мәселесімен бетпе-бет келе қоймайды.

Сонымен қатар, заңның электромобиль иелері үшін қолайсыз тұстары да бар. Полиция электр желілеріне бей-берекет қосылғаны үшін электр көліктерінің иелеріне айыппұл сала алады. Облыстар мен ірі қалалардың әкімдіктері электр зарядтау станцияларын орналастыру схемасы туралы шешім қабылдауы тиіс. Депутаттар желілерге өз бетінше қосылу үшін жауапкершілік енгізуді ұсынды – бұл көлік тұрағы электр энергиясын тұтынудың жоғары деңгейіне шақталмаған белгілі бір тұрғын үй кешенінде тұратын азаматтардың өмірі мен денсаулығына төнетін қауіп-қатерлерді төмендетуі тиіс деп болжануда.

ҚУАТЫ ТАУСЫЛСА ШЕ?

Қалада электромобильді қуаттау қиындық тудырмағанымен, автотрассаларда оларды электр желісіне қосу оңайға түспеуі мүмкін. Мысалы, Балқаш қаласынан Алматыға дейінгі қашықтық 600 км-ден асады, ал іс жүзінде электромобильдердің қуаты ұзаққа жете бермейді. Жол бойында қала түгілі ауылдар аз екенін ескерсек, электр көліктерінің иелері өз тұлпарларын қалай қуаттайтыны белгісіз.

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Басқарма Төрағасы Дархан Иманашев маусым айында өткен брифингте Қазақстанда автожол бойында электромобильдерге арналған 100 шақты зарядтау станциясын орнату жоспарланғанын, оның 40-ы 2024 жылдың соңына дейін дайын болатынын айтты. Әзірге республикада 150 электр зарядтау станциясы орнатылған, оның 50-ге жуығы республикалық маңызы бар автотрассалар бойында орналасқан. Иманашевтің айтуынша, «ҚазАвтоЖол»  KAZENERGY-мен бірге осындай станциялардың орналасу орындарын пысықтап жатыр.

–   Бүгін біз негізгі дәліздерді – Астанадан Алматыға, Петропавлға, Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарына, Жетісуға қарай жолдарды қарастырып жатырмыз. Олардың (Kazenergy) Қазақстан бойынша электромобильдерге арналған 220-ға жуық зарядтау станциясын орнату жоспарлары бар, оның ішінде 90-100 шақтысы  республикалық жолдар бойында болады, - деп уәде берді Иманашев.

Станция орнату орындары екі негізгі критерий бойынша таңдалады –  көлік тұрағы үшін алаңның болуы және техникалық шарттар, яғни электр энергиясын жеткізу мүмкіндігі.

АЛ ЭЛЕКТР ҚУАТЫ ЖЕТКІЛІКТІ МЕ?

Айтпақшы, электромобильдер санының үш есе өсуіне қарамастан, кейбір сарапшылар электр энергиясының тапшылығы жағдайында үкіметтің электромобильдердің таралуын неліктен ындаландырып жатқанына таң. KEGOC компаниясының басқарма төрағасы Нәби Айтжанов наурыз айында Энергетика министрлігінің жиынында 2024-2025 жылдардағы жылыту маусымында (2024 жылғы қазан – 2025 жылғы наурыз) электр энергиясының тапшылығы шамамен 1 025 МВт-ты құрайтынын мәлімдеді.

–  Болжамды максималды электр жүктемесі 17,4 ГВт және 16,4 ГВт станцияларды генерациялау кезінде тапшылық шамамен 1,025 ГВт құрайды, оны негізінен Ресей Федерациясынан импорттау немесе Қазақстан тұтынушыларын шектеу арқылы жабуға болады, – деді ол.

Қазақстанда электр энергиясын тұтыну 2023 жылы 115,06 млрд кВтсағ құрады және 2022 жылмен салыстырғанда 1,9%-ға өсті. Бұл ретте электр энергиясын өндіру 2022 жылғы деңгейде қалып, 112,82 млрд кВтсағ құрады. Республика электр энергиясының тапшылығын Ресейден импорт есебінен жабады, бұл Қазақстандағы дәстүрлі көздерден алынатын электр энергиясына қарағанда әлдеқайда қымбатқа түседі. Біздің елде электромобильдер көбейе түссе, мәселе соғұрлым күрделене бермек.

КӨК ТҮТІН САМОКАТТАН ШЫҒЫП ЖАТҚАН ЖОҚ

Бұған ірі қалаларда кең қолданысқа енген электр самокаттарын да қосыңыз, олар да электр энергиясын тұтынуды арттырады. Бұлшықет күшімен жұмыс істейтін дәстүрлі велосипедтерден айырмашылығы, бұл самокаттардың жүрісіне электр қуаты қажет. Осы орайда, Қазақстанда электр энергиясының  70%-ға жуығы көмірді жағу есебінен өндірілетінін айтпай кетуге болмас. Ал жаңартылатын энергия көздерінің (ЖЭК) үлесі ЖЭК үшін жылыжай жағдайларын жасау есебінен 2023 жылдың қорытындысы бойынша небары 6%-ға жетті.

Осылайша, электромобиль немесе электр самокаттың иесі қоршаған ортаны тазартуға үлес қосып жүрмін деп ойлайды, ал іс жүзінде парниктік газдар мен күл түрінде кәдімгі көміртегі ізін қалдыратынын білмейді де.